Ақмола облысы, Нұралы ауылында орналасқан заманауи футбол нысаны бұзақылардың құрбанына айналды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Sports24.kz тілшісінің хабарлауынша, танымал футбол функционері Дидар Сыдықбектің жеке қаражатына салынған “Sydykbek Arena” стадионында белгісіз біреулер нағыз ойран салған.
2024 жылы ашылып, “SD Family” клубының негізгі базасына айналған бұл арена бүгінде аянышты күйде. Тәртіп бұзушылар нысанды аяусыз қиратқан. Көрермендер трибунасындағы орындықтар сынған, ғимараттың терезелері шағылып, есіктері жұлынған. Ең сорақысы — стадион аумағынан құны 3 миллион теңгеден асатын спорттық құрал-жабдықтар мен жаттығу тренажерлары қолды болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, полиция бұл қылмысқа қатысы бар адамдардың кім екенін анықтап үлгерген. Өкінішке қарай, бұзақылардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің де бар екені айтылуда.