Шенеуніктер жұлдыздарды ұтты

04.05.2011, 17:34
Шенеуніктер жұлдыздарды ұтты
Жұлдыздар сахнаны, шенеуніктер жұмсақ орынтағын бір күнге футбол алаңына ауыс­тырды. Бұл ел чемпионаты болмағанымен де, додаға ағылған қалың көрерменнен ста­дионға жанкүйерлер сыймай қалды. Алдымен жасыл алаңға кіл сахна саңлақтарынан құралған «Алатау» командасы шықты. Құрамында «МузАрт», «Нұр-Мұқасан», «Шаншар» секілді белгілі өнер майталмандары бар. Қарсыластары да осал емес. Өйткені қарағандылық шенеуніктерден жасақталған «Сарыарқа» командасында тәжірибелі тісқаққан ойыншылар көп. Сондықтан тізгінді қолға алып, жұлдыздардың қақпасына лап қойды. Бірінен соң бірі қауіпті сәттер туғызып, әншілердің әбден дегбірін қашырды. Мұндай тегеурінді қарсылықты күтпеген қонақтар қор­ғаныста жамбастап жатып алуға мәжбүр болды. Бірақ асқан әзірлігімен көзге түскен шенеуніктер қарсыластарының тас-қамал қорғанысын бұзып өтіп, бірінші таймда-ақ екі гол соқты. Әбден абдырап қалған әншілер намысты қолдан бермесі үшін тайлы-тұяғымен шаубылға шығып, тек екінші кезеңде есеп айырмасын қысқарта алды. Белгілі әнші, Мұқасан Шахзадаевтың шірене тепкен добы қақпа торын бүлк еткізді. Қорытынды есеп – 2-1. Жеңіс кеншілер қаласында қалды. Жолдастық кездесудің соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Түскен қаражат Қарағандыда салынып жатқан мешіт құрылысына ау­дарылмақ. Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Алатау» командасының жаттықтырушысы: – Сіздердің әкімдеріңізден бастап шенеуніктеріңізге дейін бәрі тек кеңседе отырып қағазға қол қоймайды екен. Олар бос уақыттарында спортпен айналысады екен. Оған бүгін көзіміз жетті. Автор: Айша АХАН, Қарағанды
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×