Шетелдік Thestatszone.com сайты алдағы Қазақстан – Уэльс матчына болжамын жариялады.
Аналитиктердің пікірінше, жасарып келе жатқан Қазақстан құрамасы мұндай деңгейде тұрақты ойын көрсетуге әлі дайын емес.
“Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі соңғы ойынды маусым айының ортасында өткізіп, өз алаңында Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен есе жіберді. Бұған дейін олар сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңген болатын. Алайда қазір команда ойында құлдырау кезеңін бастан кешіп жатыр әрі жасару процесінен өтуде.
Қазақстанның қарсыласы Крэйг Беллами жаттықтыратын Уэльс. Бұл команда жарқын әрі қарқынды футболымен ерекшеленеді, дегенмен кейде ойынында тұрақсыздық байқалады. Маусымдағы Бельгияға қарсы ойында валлийлер 0:3 есебінен 3:3-ке дейін таразы басын теңестіргенімен, соңғы минуттарда Кевин Де Брюйне соққан голдан кейін жеңіліп қалды.
Алдағы Шығыс Еуропадағы кездесуде Уэльс тағы да шабуылға негізделген шығармашылық ойын көрсетуді көздеп отыр. Валлийлер жас әрі тұрақсыз Қазақстан құрамасына қарсы сенімді жеңіске жетуге лайықты мүмкіндікке ие.”– деп жазады басылым.
Қазақстан – Уэльс матчы 4 қыркүйекте, Астана уақытымен 19:00-де өтеді.