Ширек финалдағы алғашқы кездесулер. Не көрдік? Не түйдік?

17.04.2015, 16:38
Ширек финалдағы алғашқы кездесулер. Не көрдік? Не түйдік?
фото FELIPE SEVILLANO (DIARIO AS) Пиреней түбегіндегі үш кездесу мен,  1/8 финалда ағылшын клубтарының жауы болған командалар арасында өткен Париж шаһарындағы матч та, жанкүйерлер көңілінен шықты деуге толықтай негіз бар. Екі түрлі күнде, төрт түрлі сценарий көрдік. Бар мәселені бірінші ойында шешуге батыл кіріскен "блаугрананы", шайқас пен қанға толған "Висенте Кальдеронды", нәтижесі әділетсіздікке баланатын Туриндегі ойынды, және ең бастысы, барлық болжамның бетіне түкірген "Порту" мен "Баварияны". "Аладоп" сайты сейсенбі-сәрсенбінің түніндегі матчтардың әсерінен ес жиып, қысқаша қорытынды жасамақ.  Айдаһармен де санасу керек "Порту" немістерге қарсы ойынға дейін, Чемпиондар Лигасында 8 ойын өткізсе де, команданың Еуропадағы шама-шарқы бәрібір де жұмбақ еді. Хулен Лопетеги ұжымы топтық кезеңде "Шахтёр", "Атлетик", "Батэны", 1/8 финалда "Базельді" артта қалдырды, Қарап отырсақ, бірде-біреуі "Баварияға" тең келмейді. Португалия чемпиондарымен плей-оффқа бірге шыққан украиналық команданың өзі, неміс машинасына қалай тапталғанын білеміз. Сондықтан, жеребенің рақымшылығының арқасында "Порту" үздік сегіздікте деген де пікір қалыптасқан болатын. Ал, "Баварияға" қарсы ойын португалиялық команда ширек финалдағы орынға әбден лайықты екенін көрсетті. Мейлі, жарты құрамы жарақатқа тап болған мюнхендіктерге қарсы ойнаса да, мейлі, бұл бар болғаны бірінші ойынның нәтижесі болса да. Маңыздысы, Порту кездесейсоқ осы кезеңге жетпегеніне түсіндік. Жеребе мен сәттіліктің нәтижесінде ғана 1/4 финалға жетті деген ішімізде қалыптасқан пікірдің бұрыстығына көзіміз жетті. Шарасыз Гвардиола Главный тренер "Баварии" Хосеп Гвардиола Бұл жерде Гвардиоланы ақтап алуға негіз де бар. Жоқ, "Портудың" еңбегін жоққа шығармаймын. Әсте, олай емес. Таблодағы қорытынды есеп-Лапетеги мен оның жігіттерінің азулы алыпқа тыңғылықты дайындалғанының арқасы. Қарсыластың құрамы, ойыншыларының жарақаты, басқа да мәселелер қарсыластың проблемасы. Мың тағзым. Бірақ, "Бавария" тізгініндегі испаниялық маман мөлшерден артық сынға ұшырап отыр. Ойлаңыз, шабуылда Роббен мен Рибери жоқ. Команда үшін екеуі кім? Көкке самғатып жүрген қос қанаты. Мюллер мен Гётце екеуін толыққанды әрине, алмастыра алмайды. Ол, ол ма, жартылайқорғанысқа үңіліңіз. Жарты жыл алаңға шықпаған, "Бавария" сапында бар-жоғы ұмытыла бастаған Алькантара, мықты командаларға қарсы жартылай қорғаныста "еріп" кететін Лам. Екеуін де, Гвардиола амалсыздан шығарды. Қорғаныстың кешегі күйі бөлек әңгіме. Швайнштейгер, Алаба, Роббен, Рибери, Бенатиа. Кеше алаңға шыға алмаған футболшылар тізімі. Сондықтан, матч бойына "Порту" қақпасына 5 қана соққы бағытталды, орталық алаң мүлде жоқ болды, қорғаныста беріктік болмады. Бұл аргументтер Гвардиоланы толықтай ақтап ала алмайтыны сөзсіз. Дегенмен, кездесу алдында командадағы жағдай мүшкіл деп бекер қақсаған жоқ екен. Ал, аталған футболшылар алаңға оралып, "Бавария"-"Бавария" кейпіне енген соң,Германияда мүлде басқа ойын көреміз. "Атлетико" король үшін алынбас қамал "Матрасниктерді" Еуропадағы ең қайсар ұжым деп атауға толықтай құқығымыз бар. Матчтың статусы қаншалықты жоғары болса, Симоне командасынан соншалықты жанкештілікті талап етеді. Екі команданың сапындағы футболшылардың деңгейін алып қарасақ, "Реал" ойыншыларының жеке басының шеберлігі жоғары. Осыны пайдаланып, қонақтар матч басталысымен қақпаға лап қойып, "матрасниктерді" састырды. Егер де, қақпашы Ян Облак болмағанда, Реал кездесудің ғана емес, текетірестің тағдырын шешіп тастар еді. Үзілістен кейін, ойын тізігіні алаң иелерінде болды. Чемпиондар Лигасының жеңімпазы физикалық тұрғыдан шаршады. Бұл соңғы кездегі команданың басты проблемасы. Соңғы сәттерде "Атлетико" футболшылары салқынқандылық танытқанда, "Сантьяго Бернабеуға" толықтай фаворит ретінде барар еді. Қысқасы, еуро-дербиде екі түрлі тайм көрдік. Қорытындылай келгенде, Анчелотти тағы да "Атлетиконың" кілтін таппады. Әрине, бұл кездесулердің санына байланысты. Ал, жартылай финалға жолдаманың тағдыры "Реалдың" алаңында шешілетін болады. Мадридтегі шайқас бір аптадан кейін жалғасын табады. Буффон-әлі де Буффон Атақты футболшылардың, ол қақпашы болсын, басқа футболшылар болсын, жасы 30-33-тен асса: "бұрыңғы бабында ма, әлемдік деңгейге көтерген шеберлігінің жұрнағы бар ма?"-деген сұраққа жауап іздейтін әдетіміз. Осы сұрақ, төрт мәрте әлемнің үздік қақпашысы атанған, бүгінде жасы 37-ден асқан Буффонға да қатысты. А сериясындағы ойындар оған толықтай жауап бере алмайды. Италияда "Ювентустің" басқа командалардан мықтылығы сонша, Буффон бүкіл матч бойы қақпа маңында жастық жастанып, мызғып алса да ешкім мазасын алмайды. 90 минут бойы "Ювентустің"қақпасына соққыны былай қойғанда, айып алаңына ене алмай, арманда кететін командалар қаншама. Чемпиондар Лигасындағы "Монакоға" қарсы ойында, Джанлуиджи сұрағымызға жауап берді. 10 жыл бұрын Әлем чемпионатында доп түгіл, маңынан ұшқан шыбын өткізбеген хас шебер Буффонды тағы да көрдік. Капитан болмағанда, "Монако" бірінші таймда кем дегенде 2 гол салуға тиіс еді. 40-қа таяған жасына қарамастан, 90 минутты жоғары деңгейде өткізіп, матчтың үздік футболшысы атанды. Браво, Буффон! Манчестер Сити мен ПСЖ-ның ұқсастығы Плей-оффтың бірінші сатысында "Челсиді" жарыс жолынан шығарғаннан кейін, "ПСЖ"-ның нағыз топ-клуб санатына қосылар кезі келді деген тұжырымда қалғанбыз. Кейде, матчтың сценарийін алдын ала өзі жазатын Жозені қапыда қалдырудың өзі ерлік. Бірақ, шейхтардың алпауыты әлі де Еуропа футболының биік шыңына шығуға дайын емес. Өз еліңде чемпион да, еурокубоктерге келгенде... Өткен кезеңде "Барсаға" қарсы ойнаған "Манчестер Сити" мен "ПСЖ"-ның арасы алшақ емес. Ширек финалда бірінші кездесуден кейін-ақ жолдаманы қарсылас қолына тапсырып қойған соң, Лондондағы ерлікті кім еске алып жатады? "Манчестер Сити" де, топтық кезеңде босаңсыған "Баварияны" өз алаңында жеңгені бар. Кімнің есіңде? Еуропадағы топ-клубтың қатарына қосулы үшін ойынға да, нәтижеге де тұрақтылық керек. Бірде маржан, бірде арзан болмай.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ                        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×