Шіркін, «лайф!»

16.09.2011, 07:07
Шіркін, «лайф!»
«Лайф»  дегеніміз не? Бұл сөздің мағынасын білу оп-оңай. Ол үшін букмекерлер кеңсесіне бас сұқсаңыз болғаны. Бұл ақшаңызды жылдам көбейтіп немесе тауысып шығатын «сиқырлы» жер. Бірде Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан жарнамасы аймандай бір кеңсеге кірдім. Кеңсе үлкен үйдің ең төменгі жертөлесінен орын теуіпті. Екі бөлмеде де бір-бірден «касса» тұр. Әр кассаның терезесінде компьютер қосулы. Соған үңіліп, бірдемеге күңкілдеп он шақты адам ерсілі-қарсы кезіп  жүр. Кейбіреуі ызаланып, кімді екені белгісіз балағаттап қояды. Мен әлі де ештеңеге түсінбей тұрмын. Маған керек деректерді осы компьютердің біреуі берер деген оймен «касса» жанына жақындай түстім. Монитор бетінде спорттық командалар аты мен адамдардың фамилиясына ұқсайтын жазулар көздің жауын алады. Әр жазудың астында әртүрлі сандар және «тотал» деген сөздерді оқып тұрмын. Миыма ештеңе кіретін түрі жоқ. Енді сол жерде тұрған бір жас жігіттен мына жазуларды түсінбегенімді айтып, мәнін сұрап едім:- Аға, түсінбегеніңіз өзіңізге жақсы, бұл пәлені үйренбей-ақ  қойыңыз, -  деді де, кассир қызға ақшасын ұсынып, төлемді қабылдауын сұранып жатыр. Бұл жігіттен ештеңе өндіре алмасымды біліп, кеңсе ішіндегі адамдардың ішінен ортадағы үстел үстіндегі қағазға үңілген бір егде кісінің жанына отыра кеттім. Ал ол кісі маған көзінің қиығымен бір қарап қойды да, қағазға ары қарай шұқшиюын жалғастыра берді. Аздан соң жайлап отырып амандасып, танысып та алдым. Білгім келген нәрсемді ақырындап сұрастыра бердім. Іздегенім алдымнан шықты. Ештеңе бүгіп жатқан жоқ, өзінің «кеңсе ауруымен» ауыра бастаған шағынан бастап, ішіндегі қызықты оқиғаларын ақтарып салды. Бір кітап жазатындай материал шығады-ау бәрін қосар болса. Мен енді ғана «ставка», «коэффициент», «экспресс» сөздерінің мағынасын түсіне бастадым. Ал «лайф» дегеніміз не деген сұрағыма, «жүріңіз» деп кассаның түбіне ертіп келіп түсіндіре бастады. Сөйтсем, қызықтың көкесі осында екен. Бағанағы компьютер бетіндегі команда мен ойыншылардың ататегі болып шықты. Олар дәл қазір әлемнің түкпір-түкпірінде ойналып жатқан ойындар. Сол ойындардың нәтижелеріне, олардың есеп айырмасына, тағы толып жатқан болжамдарға ақша тігудің түрі бар. Жанымдағы жаңа «жолдасым» бәрін айттым ғой, «енді ақша тігесіз бе?»  дегендей қызықтап қарап тұр. Бәрін сұрап алғаннан соң, әрі осында келген түпкі мақсатымды білдірмеу үшін «бәс» тігуге бел байладым. Монитор бетінен волейболдан жастар арасындағы Еуропа біріншілігінің топтық кездесуінің Ресей мен Нидерланды арасындағы ойынына тоқталдым. Ойынның екінші партиясы басталғалы тұр екен. Біріншісі 25:17 есебімен қызғалдақты елдің пайдасына шешіліпті. Жанымдағы жігіттен Ресей құрамасының бабы қандай еді деп сұрап едім, «жаман емес еді, бірақ  жастарға сенім жоқ, өзіңіз біліңіз» деп бұрылып кетті. Еш ойланбастан тәуекелге бел буып, екінші партияны орыс ағайындар жеңеді деп бес мың теңгені тігіп жібердім. Ақшамды беріп бір жапырақ қағазымды қолыма алғанымша, ойын басталып кетті. Енді менің де көзім компьютер мониторына байланды. Орыс ағайындарым бірінші партияда кеткен есесін қайтаруды ұзатпайын деді ме, суырылып алға шыққаннан 25 допқа бір-ақ барып тоқтады. Есеп 25:14. Жеңіс! Ресей құрамасымен қатар менің де жеңісім. Бес мыңға қоса 3250 теңге пайда таптым. Менен төлемді 1.65 коэффициентпен қабылдаған екен. Ұтысты алу үшін кем дегенде жарты сағат күтеді екенсің. Жеңістің лебімен тағы ойнауды жөн көрдім. Мониторға көз жүгірттім. Ыстық көріне ме, әйтеуір әлгі ойыннан басқасы қызықтырмай тұр. Алғашқыда «алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, тағы да Ресейдің жеңісіне тігейін деген ой болды. Бірақ, орыстардың жеңеді деген коэффициенті азайды. Бір жағынан енді қызғалдақты елдің ойнайтын кезі келді деген тұжырым бар, оның үстіне оларға берілген коэффициент те жоғары - 1.95. Осыларды ескере келе, қолымды қалтаға салып, 7000 теңгені суырып шықтым да, кассаға басымды тыға бердім... Үшінші  партия. Ақша «бәске» тасталды. Ресей командасы тағы да атқа қамшы басты, тоқтайтын түрі жоқ. Бір партия бұрын «ағайын» болып тұрған орысым «ата жауыма» айналып бара жатты... Бітті. Есеп 25:17, Ресей құрамасының пайдасына шешілді. «Көп асаймын деп, боқ асадының» кері келді. 6650 тенге пайда келеді деген есебім 7000 теңгемді «еңсеріп» кетті. Сол ақшаны Ресей ұтысына тіксем 2940 теңге ұтыс шығар еді, әттең, әттең...Төртінші партияның басталуына аз қалды. Ойым сан-саққа жүгірді. Ресейдің коэффиценті мүлдем түскен - 1.34. Ал Нидерланды құрамасы көтеріле түсіпті - 2.16. Енді голландықтардың шегінер жолы жоқ, «жан алып, жан берісер» деген ой келді де (мүмкін үлкен  «коэффициент» қызықтырған болуы керек) қалтамдағы соңғы 6000 теңгемді Голландия жастарына табыс еткендей кассаға ұсына салдым. Бағана алғаш кеңсеге кіргенде балағаттап жүрген кісілерді көріп, олардың бұл былапыттарын жақтырмаған едім. Енді өзім де біресе Ресейдің шабысын, біресе қарсыласының шарасыздығын балағаттап, бір орнымда тұра алмай ерсілі-қарсылы жүре бастадым. Өйткені, бұған дейін ата жауыма айналып қойған орыс құрамасы алға оқ бойы ұзап барады. Міне, есеп 17:11, 21:13, 24:16 ары қарай монитордан бұл матч мүлдем алынып тасталды. «Неге мынау ойын өшіп қалды?» деп сол жердегі «досымнан» сұрап жатырмын (әлі де үмітім бар). Ол маған «ойын бітсе, алып тастайды ғой. Демек, орыстар ұтылғаны да» деп бетіме қарап тұр. 13000 теңге мың ұтылыс, 3250 теңге ұтыс, бәрін қосып алса 9750 теңге ұтылдым. Кассадан алғашқы және соңғы ұтысымның түбіршегін беріп, ақшамды алып, мына жерден шығуға асықтым. Кетіп бара жатып, тағы да мониторға көз салдым. Он минуттан соң тағы бір волейбол ойыны басталғалы тұр екен. Қиялым жан-жаққа жүгіріп барады, кенет, тағы бір былапыт айтып санын ұрып тұрған бір жігітке назарым ауды да, бес минут бұрынғы жағдайым есіме түсті. Кеңседен қашқандай болып кете бардым. Сол қайтқаннан үйге барып, диванға теледидар қосқышын алып құлай кеттім. Ойға шомдым. Қаншама адам осындай кеңселерге жем болып жүр екен? Қанша адам бала-шағасының аузынан жырып, тапқанын өстіп ұтылып жүр екен деп есепке кеттім. Біздің қазаққа осындай кеңселер керек пе? Олардан келіп жатқан халыққа пайда бар ма? Жоқ әлде, күнде ұтып, бала-шағасын асырап отырған жандар да бар ма екен? Жоқ, бұл өңшең байлар барып, қызыққа бола ақша тігіп, арам ақшаларын ұтылып кететін жер ме екен?Осындай шым-шытырық ойдан айырылғым келіп, «өшімді» теледидардан алдым.  Арна атаулыны кезек-кезек ауыстырып, бір ой бөлетін қызықты бағдарлама іздеймін. Кенет: «Ел арнамыздан» бір топ жас әнші «Шіркін, лайф!» деп ән шырқап жатыр. Өлеңнің қандай «лайф» туралы екенін түсіне алмадым және түсінгім де келмеді, жатқан жерімнен атып тұрып теледидарды тоқтан ажыратып, басым мең-зең далаға қаша жөнелдім...Тараз қаласы Автор: Нұрмұхамед МҰРАТБЕК 30.10.2010 10:33
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×