Бірнеше айға созылған трансферлік хикая өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ислам Чесноков ресми түрде Шотландия чемпионатының көшбасшысы — "Хартс” клубының ойыншысы атанды.
2028 жылға дейінгі жоспар және #99
Эдинбургтік клуб Қазақстандық талантқа үлкен сенім артып отыр. Чесноков пен "Хартс” арасындағы келісімшарт 2028 жылға дейін жасалды. Ислам жаңа командасында 99-нөмірмен өнер көрсететін болады.
Чемпиондық пен Чемпиондар лигасы жақын ба?
Қазіргі уақытта "Хартс" Шотландия біріншілігінде нағыз сенсация жасап жатыр. Олар атақты "Рейнджерстен" 3 ұпай алда және қоржынында әлі бір ойын бар. Егер команда осы қарқынын сақтаса, Ислам келесі маусымда Чемпиондар лигасында бақ сынауы әбден мүмкін.
Бапкер не дейді?
"Хартс” ұжымының бапкері Дерек МкИннес отандасымыздың келуіне жоғары баға берді:
"Исламның біздің сапқа қосылғанына өте қуаныштымын. Ол — нағыз талант әрі тамаша жігіт. Оның командаға үлкен көмегі тиетініне сенімдімін. Біз қазір жақсы деңгейдеміз және Исламның Шотландияда табысты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.” — деді бапкер.