Бізге келіп жеткен ақпарат бойынша, молдовалық ойыншы Виктор Мудрак «Ордабасымен» келісімшартқа отырды.
Орталық қорғаушының трансферіне шымкенттіктердің су жаңа жаттықтырушысы Андрей Мартин қолғабыс еткенге ұқсайды. Себебі, екеуі де осыған дейін «Петрокубтың» намысын қорғаған.
Виктор Мудрак 2022-жылдан бері «Петрокубтың» жейдесінде доп теуіп келген. Оған дейін Армения, Грузия және Беларусь біріншіліктерінің «Сабуртало», «Алашкерт», «Славия Мозырь» сынды бірқатар командаларында өнер көрсетіп келген еді. Сондай-ақ, 30-жастағы орталық қорғаушы Молдова ұлттық құрама командасының қатарында 20 матчқа қатысып, бір рет мергендік танытқан.
В. Мудрактың өткен маусымда да ҚПЛ-ге келуі мүмкін болған, алайда «Жетісудың» қаралымынан өте алмағанға ұқсайды. Енді өзінің отандасы-бапкері Андрей Мартинмен бірге шымкенттік ұжымның намысын қорғамақ. Transfermarkt порталының дерегіне сәйкес, футболшының қазіргі нарықтық құны 250 тыс €.
Біздің серіктес: FONBET