“Ордабасы” президенті Асхат Сейсембек клуб қателіктерін мойындады.
2025 жылғы маусымда “Ордабасы” чемпионатта жетінші орынмен шектеліп, Кубок финалында “Тобылдан” жеңіліп қалды. Команданың нәтижесіне байланысты сын көп болды, әсіресе бас бапкер Андрей Мартин жиі нысанаға алынды. Дегенмен, клуб басшылығы да жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін көрсетті.
Клуб президенті Асхат Сейсембек маусымның сәтсіз аяқталуына тек жаттықтырушы емес, бүкіл басқару құрамының да үлесі бар екенін ашық айтты. Ол команданы жасақтау кезінде бірқатар қателіктерге жол берілгенін мойындап, бірақ сонымен бірге, жұмыс ешқашан 100 пайыз сәтті бола бермейтінін атап өтті.
“Нәтиже болмай жатса, алдымен айнаға қарау керек. Себепті өзіңнен іздеу қажет. Иә, біз команда жасақтау кезінде кейбір шешімдерде қателескен шығармыз. Бірақ өткен маусымда құрамның 90 пайызы жаңарды. Біз ойыншыларды клубтың қаржылық мүмкіндігіне қарай таңдадық. Кейбір тәжірибелі футболшылар мен көшбасшылар жетіспегені рас. Дегенмен, команданы түбегейлі жаңартқанда, әр трансфердің сәтті шығарына ешкім кепілдік бере алмайды.” — деді Сейсембек Серый CARDINAL телеграм арнасына берген сұхбатында.