Словакия құрамасының капитаны мансабын аяқтады

24.05.2022, 19:06
Қазақстан құрамасы маусым айында Словакиямен кездеседі.
Словакия құрамасының капитаны мансабын аяқтады

«Трабзонспордың» 34 жастағы словакиялық жартылай қорғаушысы, «Наполи» сапында бүкіл әлемге танылған футболшы Марек Гамшик ұлттық құрамадағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады.

«Бұл оңай болған жоқ, мен ұзақ ойландым, бірақ 15 жылдан кейін мен футбол мансабымның маңызды және тамаша бөлігін аяқтау туралы шешім шығардым. Яғни, ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтаймын.

Бұл мен мақтан тұтатын ұзақ және әдемі сапар болды. Футболдан Словакия құрамасының барлық жетістіктеріне үлес қосқагымды мақтан тұтамын. Мен 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында және 2016, 2021 жылдары Еуропа чемпионатына қатыстым. Ұлттық құрама сапында 50-ден астам матчта капитан болу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Мен әрқашан өз елімнің атынан шығуды үлкен абырой, жауапкершілік деп санадым және алаңда барымды беруге тырыстым. Матчтар алдында Словакияның әнұранын шырқау және трибунада еліміздің туын ұстаған жанкүйерлерді көру әрқашан керемет сезім болды. Артық мотивация қажет емес...

Мен осында жұмыс істеу құрметіне ие болған барлық жаттықтырушыларға, әріптестеріме және қызметкерлерге рахмет айтамын, біз бірге Словакия футболының жетістігі үшін бәрін жасауға тырыстық! Біздің команданың матчтарында кездескенше!» – деді Гамшик.

Еске салайық, Гамшик Словакия құрамасындағы дебютін 2007 жылы ақпанда Польшамен болған жолдастық кездесуде (2:2) жасаған еді. Содан бері ол 135 матчта 26 гол соғып, 20 нәтижелі пас берді. Осы маусымда ол «Трабзонспор» сапында 32 ойынға қатысып, 2 гол мен 4 голдық пастың авторы атанды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 7 маусым күні Ұлттар лигасының топтық кезеңі аясында дәл осы Словакия құрамасымен күш сынасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×