- Алекс Фергюсонның басшылығында ойнау қалай?
- Жан рақаты! Жақында Патрис Эврамен кездескенде, ол: «Ювентуста жүрсең таңертең жұмысқа бара жатқандай сезінесің»,- деген болатын. Біз «Юнайтедте» қанша қиналсақ та, ешқашан мұндай сезімде болған емеспіз. Бапкеріміз әрдайым біздің өз қалпымызда қалғанымызды қалайтын. Ол әділдікті құрды. Гиггз, Кантона, Кин, Шмэйхель – бәріміз 100 пайыз командаға берілген жандармыз.
2000 жылдан бастап біздің барлық дайындық жаттығуларымыз туралы жазып келемін. Бұл күнделік менімен бірге Мольдеде. Фергюсон ешқашан көп сөйлемейтін, бірақ аузынан шыққан барлық сөзі қымбат. Ол – дара тұлға.
- Фергюсон 1999 жылғы Чемпиондар Лигасының финалына шықпас бұрын сізге не айтты?
- Айтарлықтай ештеңе емес. Бірақ оның Теддимен үзіліс уақытында сөйлескені мені ашуландырған болатын. Мен «Алаңға алмасып кіріп 17 гол соқтым. Менімен неге сөйлескісі келмейді?», деп теріме сыймай бұлданатынмын. Ал одан кейін Тедди алаңға шықты. Бұл менің шамыма тигендіктен, бапкерге оның дұрыс емес екенін дәлелдегім келді. Алайда, соңында біз сол жеңісті Фергюсон үшін алдық. Ол туралы ойлағанда әрдайым көңілім көтеріледі.
- «Манчертер Юнайтедте» ойнаған кездері сіздің ұлыңыздың сүйікті аяқдопшысы Солскьяер емес, Уэйн Руни болғаны рас па?
- (күледі) Иә, рас. Ной қазір 15 жаста, ол кезде 6 жаста болатын. Бірақ әкесін қалай ренжітуді сол кезде-ақ жақсы білетін.
- Аяқдопшы ретінде мансабыңызды аяқтағанда, Норвегия ұлттық құрамасының бапкері болуға ұсыныс түскені рас па? Рас болған жағдайда неліктен бас тарттыңыз?
- Иә, рас. Мен ол кездері «Юнайтедте» жаттықтыруды енді ғана бастағам. Фергюсон маған: «Құрамада не істейсің? 50 жасқа келген кезде де барып, жұмыс жасауына болады» деп айтқан. Мен онымен толықтай келісемін. Ұлттық құраманың ұсынысын мен мұқият ойланып барып, бас тартқан болатынмын.
Ырысты ҚАДІРБЕК