
Солтүстік Македония құрамасы мен «Ториноның» жартылай қорғаушысы Элиф Элмас Уэльске қарсы өткен ойын мен Қазақстанмен болатын бәсеке туралы пікірін білдірді.
Кеше македониялықтар мен Уэльс құрамасы 1:1 болып тең тарқасқан еді. Қазір Солтүстік Македония бір жеңіс пен бір тең нәтижеден кейін (4 ұпай) біздің топта көш бастап келеді.
«Бұл ойынның қиын болатынын білдік. Бізге сапалы команда қарсы тұрған, олардың қалай ойнайтынына дайын болғанбыз. Тактикалық тұрғыда дұрыс қимылдап, соңғы сәтке дейін күрестік. Шынымды айтсам, соңғы секундтта гол жіберіп, маңызды екі ұпайдан айырылып қалғанымызға ішім ашиды. Бірақ алда әлі көп матч тұр. Жақсылап тынығып алу керек, маусымда жаңа екі ойын бар – Бельгия мен Қазақстанға қарсы. Бізге салқынқанды өнер көрсетіп, жақсылықтан үміт үзбеу керек», - деді Э. Элмас Slobodenpecat.mk порталына берген сұқбатында.
Айта кетсек, Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы ойын 9-маусымда болады. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч та Қазақстанның алаңында өтеді. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET