Соңғы минуттар өкініші

11.09.2011, 19:58
Соңғы минуттар өкініші
Кеше ел біріншілігінің кезекті турында жергілікті "Ақтөбе" негізгі қарсыластарының бірі елордалық "Астананы" қабылдады. Орталық стадионға жиналған жанкүйерлер бұл ойында қызықты сәттер мен қауіпті шабуылдарға куә болды. Ойын алдында ЯК-47 ұшағында апатқа ұшыраған Ярославтың "Локоматив" хоккей командасының құрбандарының естелігіне бір минуттық үнсіздік жарияланды. Өз алаңында "Астанадан" үш ұпай еншілей алмай жүрген жерлестеріміз ойынды қызу шабуылдармен бастады. Джилас, Малетич, Хайруллиннің соққыларын Эрич ғажайып әдістермен кері қайтарып отырды. "Ақтөбенің" бірінші таймда-ақ ойынның нәтижесін шешіп тастауға мүмкіндігі болды. Алдымен Малетичтің пасынан кейін Лисенков Эричпен бетпе-бет шықты, бірақ жас форвард қақпашыдан айласын асыра алмады. Кейін Смақовтың бағыттаған добын елордалық қақпашы қолының ұшымен тоқтатты. Тек ойынның 38-минутында Хайруллин гол соғып, "Ақтөбені" алға шығарды. Бұл гол да "Ақтөбені" тоқтата қойған жоқ. Алаң иелерінің жойқын соққылары қақпадан мүлт кетіп жатты. Осылайша матчтың бірінші таймы "Ақтөбенің" пайдасында қалды. Үзілістен кейін де "Ақтөбе" Эрич қақпасына маза бермеді. Екінші таймның ең қауіпті шабуылдарының бірін Смақов орындады. Кенжесариевтан пас алған Смақов алыстан соққы бағыттаған болатын. Доп әуеде ұшып барып, қақпа бағанасы тиді де, кері қайтты. Допқа бірінші жеткен Мане бос қалған қақпаны дәл көздей алмады. Екінші таймның екінші жартысында астаналықтар допқа иелік ете бастады. Ойынға тыңнан қосылған Пахолюктың соққысын Сидельников кері қайтарып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Араға бір минут салып Бугаев "Ақтөбенің" бір қателігін кешірді. Сидельниковпен бірге-бір шыққан елордалық шабуылшы қақпашыны оңай алдап, қақпаға соққы бағыттады. Бақытымызға орай, доп бос қалған қақпадан қисық кетті. Негізгі уақыттың бітуіне екі минут қалғанда Жұмасқалиев айып добынан есепті теңестіретін мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірақ қосымша уақытта Жұмасқалиев "Ақтөбе" қақпасынан саңлау тапты. Айып добын орындаған астаналық қонақтарға бір ұпай сыйлады. Осылайша "Ақтөбе" тағы да өз алаңында "Астанадан" айласын асыра алмады. Ал 26-турдың өзге ойындары төмендегідей: "Ертіс" - "Шахтер" 2:1, "Жетісу" - "Ордабасы" 1:2, "Тобыл" - "Қайсар" 2:1, "Восток" - "Қайрат" 0:0, "Атырау" - "Тараз" 0:1. Көш басында 32 ұпай еншілеген "Жетісу", одан төрт ұпайы кем "Шахтер" екінші сатыда, 27 ұпай жинаған "Астана" үздік үштікті қорытындыласа, "Ақтөбе" 26 ұпаймен төртінші орында. Ал төменгі алтылықтағы "Тобыл" мен "Тараз" 20 ұпай жинап, 6-7 орындарға жайғасса, "Қайсарда" 15, "Атырауда" 14 ұпай, көш соңындағы "Восток" пен "Қайратта" тиісінше 14, 12 ұпай. Есет Төле, Ақтөбе қаласы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×