Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек Уэльспен өткен ойындағы Әли Әлиевтің шешіміне қатысты пікірін айтты.
Кеше бас бапкер «Елімайдың» өкілін екінші тайм барысында алмастырып тастаған болатын. Ал Қазақстан 2026-жылғы Әлем чемпионатына іріктеудің бесінші турында Уэльстен 0:1 есебімен ұтылды.
«Бұл - бапкердің шешімі. Әрине, эмоция болды, себебі, соңына дейін ойнағым келген. Дегенмен, Бельгияға қарсы ойында көбірек минут берілетін шығар деп топшыладым. Бельгияға қарсы өте қиын матч болады. Алда тағы екі күн бар, сондықтан тыңғылықты дайындаламыз, бапкердің айтқандарын бұлжытпай орындауымыз қажет. Бәрі алаңда шешіледі», - деді Ғ. Кенжебек.
Кеше біздің құрама ӘЧ-2026-ға шығу мүмкіндігінен толықтай айырылды. Келесі турда Әли Әлиев командасы сырт алаңда Бельгиямен ойнайды.