
Қазақстан құрамасы мен «Ахматтың» жартылай қорғаушысы Максим Самородов шағын сұқбатта өзінің мансабы мен басқа клубтардың қызығушылығы, ұлттық команда мен «Ақтөбе», Ресей және Қазақстан чемпионаттарының айырмашылығы жайлы пікірімен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін футболшыға ресейлік топ-клубтардың қызығушылығы жайлы ақпарат тараған. Самородов пен грозныйлық клубтың келісімшарты 2028-дің маусымына дейін жарамды.
- «Ахматта» жақсы ойнап жүрсіз, соған қарағанда сіңісіп кеткен сияқтысыз...
- «Ахмат» жайлы не айтуға болады, әрине, командаластарыма алғыс білдіргім келеді. Басқа клубқа кету жайлы, шынымды айтсам, жаңалықтарды оқымауға тырысамын, бар ойым тек командаммен ғана. Сол үшін басқа дүниелерге елеңдегім де келмейді. Бар энергиямды жаттығу мен ойындарға жұмсап жүрмін.
- РПЛ мен Қазақстан чемпионатының айырмашылығы сезіле ме?
Қос чемпионат арасында иә, біраз айырмашылық бар, өтірік айтпай-ақ қояйын - инфрақұрылым, легионерлердің деңгейі дегендей... Командалардың басым бөлігінде легионерлердің айырмашылығы байқалады.
- «Ақтөбені» қарап жүресіз бе?
- Әрине, «Ақтөбенің» ойындарын тамашалаймын. Кубоктік матчты бірақ соңына дейін қарай алмадым, өйткені жүйкем сыр берді (күледі). «Ақтөбе» алдына тек қана биік мақсат қоятын клуб! Оларға сәттілік тілеймін, алға қойған мақсаттарына жетсін дегім келеді.
22-жастағы жартылай қорғаушы РПЛ-дің 24/25-жылғы маусымында 15 ойында 3 рет мергендік танытып, 2 голдық пас шығарды. Сондай-ақ, Ресей Кубогінің аясындағы 5 матчта екі нәтижелі соққының авторы атанған. Максим Самородов ұлттық команданың наурыздағы қос ойынында бір гол салып, бір голдық пас шығарды (Лихтенштейнмен ойында 2:0).
Біздің серіктес: FONBET