Стэнли Нкоби: «Көшеде «қара бала» деп айқайлайды, бірақ оны махаббатпен айтатынын білемін»

22.04.2021, 21:40
Бірнеше жыл бұрын тойда асаба болып қызмет еткен Стэнли Премьер-лигада дубль жасады.
Стэнли Нкоби: «Көшеде «қара бала» деп айқайлайды, бірақ оны махаббатпен айтатынын білемін»

«Тұран» шабуылшысы Стэнли Нкобидің футболдағы тағдыры ерекше. Ол кәсіби футболшы болу үшін Нигериядан Қазақстанға келгенімен, ұзақ уақыт бойы мақсатына жете алмады. Әуесқойлар арасында доп тепті, «Қайрат» жастарының деңгейіне жете алмады, алайда «Арыста» оның бағы жанды. Өткен жылы Бірінші лигада үздік сұрмергендердің бірі болды. Ал биыл Премьер-лигада өнер көрсетіп жүр. «Каспиймен» болған кездесуде дубль авторы атанды.

Стэнли Нкоби Prosports.kz тілшісіне сұхбат беріп, мансабы жайлы, ел чемпионаты мен командаластары туралы айтып берді. 

– «Тұран» Премьер-лигадағы алғашқы маусымын өткізіп жатыр. Жоғары дивизионға үйреністің бе?

– Иә, маған қиын болған жоқ. Дегенмен әлі көп нәрсені үйрену керек. Даму қажет.


– Маусымның басында алаңға шықпадың. Оның себебі неде?

– Түркияда құжаттарымды күттім. Кешігіп келді. Сосын бірден Қазақстанға жол тарттым.

– 6-турда Премьер-лигадағы алғашқы голыңды соқтың. Қандай әсерде болдың?

– Өмірімдегі ерекше сәттердің бірі. Өйткені жоғары дивизионда гол соғуды армандап жүретінмін. Осыған дейін төменгі лигаларда ғана ойнадым. Тезірек шеберлігімді және қолымнан не келетінін көрсеткім келді. Ақыры бұл күнге де жеттім.

- Матчтан кейін сіз ашулы болдыңыз. Соққан голдарыңыздың жеңіс әкелмегеніне ренжідіңіз бе?

- Мен нәтижеге мүлдем риза болмадым, өйткені менің командам соңына дейін шайқасты. Бірақ бұл футболдың заңдылығы: сіз жеңуіңіз мүмкін немесе жеңілуіңіз мүмкін. Біз жеңіске лайық болдық деп ойлаймын. Мен мұны қатты қаладым, өйткені сол күні мен Премьер-лигадағы алғашқы голдарымды соқтым.


– «Тұран» әлі жеңіске жеткен жоқ. Командадағы атмосфера қалай?

– Алты ойынның үшеуінде тең түсіп, үшеуінде жеңілдік. Әрине, көңілімізді түсіреді. Ойынның аяқталуына алты минут қалғанда қарсыластың есепті теңестіріп кетуі біздің жүйкемізге тиді. Бірақ біз әр ойын сайын мықты болуға тырысамыз. Жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. 

– «Тұранның» осы маусымға қойған мақсаты қандай? Ал жеке өзіңнің ше?

– Премьер-лигаға жолдама алғанымызға қуаныштымыз. Ендігі мақсат – осы турнирде қалу. Одан кейін барынша жоғары көтеріліп, үздік төрт команданың қатарына қосылу. Мен үшін басты мақсат – өзімнің не үшін осында жүргенімді дәлелдеу және командаға көмектесу. Әріптестеріме қарап, біздің алаи асуымыз әлі алда екеніне сенемін. 

– Сен гол соқпасаң да жанкүйерлер саған деген ризалығын білдіріп жатады. Олардың сүйікті ойыншысына айналдым деп ойлайсың ба?

– Иә, әрине. Ризамын. Әлеуметтік желіде өзімнің фотоларымды жиі кездестіремін. Жанкүйерлер мен белгілеп, лайк басып, қолдау көрсетіп жатады. Бұл маған ұнайды


- Неліктен Одион Игалоның құрметіне алынған 25-нөмірді 99-ға ауыстырдыңыз?

- Премьер-лигаға шыққанда мен бұл туралы отбасыммен кеңесуді жөн көрдім. Мен олардың осы жайында не ойлайтынын білгім келді. Өйткені, бұл басқа деңгей. Мен 1999 жылы туылғандықтан 25-нөмірді 99-ға ауыстыруды ұсындым. Отбасым мен үшін өте маңызды болған бұл шешімді қолдады.

– Әлем футболында BLM (Black Lives Matter) қозғалысы белең алды. Қазақстан чемпионаты бұл акцияға қосылуы қажет деп санайсың ба? Әлде бұл акцияны қолдамайтын Уилфрид Зааның пікірімен келісесің бе?

– Әлемнің барлық жерінде нәсілшілдікті кездестіреміз, мен мұны дұрыс емес деп санаймын. Нәсілшілдікке қарсы белгіні таққан ағылшын командаларына қарап оның маңызы жоғары екенін түсінемін. Өйткені әлемде нәсілшілдікке орын жоқ екеніне сенімдімін. Қазақстандағы клубтар да бұл қозғалысқа назар аударады деп сенемін.

Қазақстанда нәсілшілдік бар ма? Әлеуметтік желіде менің суреттерімнің астына қалжыңдап жазып жатады. Көшеде «эй, қара», «қара бала» деп айқайлайды. Бірақ мен оларға ренжімеймін. Өйткені бұл жақта адамдар бұл сөзді сізді жақсы көргендіктен қалжыңдап айтады. Қазақстанды нәсілшіл мемлекет деп айта алмаймын. Бірақ біздің чемпионаттың осы акцияға қосылғанын қалаймын.


– Бұған дейін әр түрлі мерекелік іс-шараларда асаба болдың... Біздің елдегі кейбір адамдар бұл жұмыстан ұялады. Ал сен өткенің жайлы не ойлайсың?

– Бұрын өнерге жақын болдым. Ән жазып, бит жасадым. Әуесқой футболда жүргенімде жаттығудан соң бірден студияға жүгіретінмін. Өйткені ол кезде футбол менің хоббиім секілді еді. Тіпті футболда жолым болмай, өнерде жолым болғанын ойлап, қайғырған емеспін. Ал өнер негізгі табыс көзім болды. Тек Қазақстанда емес, шетелде түнгі клубтарда ән айтып, қомақты табыс тауып жүрдім. Бұл ақша менің өмір сүруіме жетіп жатты, бірақ мен футболды тастамадым. Менің өмірім жастарға үлгі болса екен деймін, әсіресе қазақстандық жастарға. Осыған қарап, жастарға ешқашан еңселеріңді түсірмеңдер деп айтқым келеді. Ұнайтын істі ешқашан тастамаңдар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×