«Стяуа» «Шахтер» үшін алынбас қамал ма?

Румыниялық клуб қағаз жүзінде матчтың фавориті болып саналады.

«Стяуа» «Шахтер» үшін алынбас қамал ма?

Румыния футболының тарихындағы ең даңқты клуб «Стяуа» Конференция лигасында Қарағанды қаласының «Шахтер» командасына қарсылас атанды. Еурокубокте ел намысын қорғайтын «кеншілердің» қарсыласы жайлы не білеміз?

Жеребе тартылған тұста барлығы бір ауыздан «Шахтер» жарысты осы жерде аяқтайды деп кесіп айтты. Иә, расымен де, мамандар мен жанкүйерлердің бұл пікірі орынды. Себебі, «Шахтер» осы күндері ішкі біріншіліктің өзінде нашар ойнап жүр. Оған дәлел турнирлік кестедегі көрсеткіштер. Дегенімен еурокубоктік ойында неше түрлі жағдай орын алуы ықтимал. Алдымен «Стяуаның» қазіргі бабына тоқталсақ.

Өткен маусымды бұл команда 2-орында аяқтады. Румыния чемпионы атанған ЧФР Клуж командасынан 9 ұпай қалып кетті. Соңғы ресми ойынын Бухарест қаласының командасы 25 мамыр күні өткізген. Одан бері тек жолдастық матчтар ғана ойнаған. Сондықтан да, «әскерилер» әлі бабында емес деген сөз. Ал «Шахтер» әрбір апта сайын кем дегенде бір ресми ойын өткізіп жатыр.

Жолдастық кездесулерге тоқталсақ, румын клубының ойындары өте нәтижелі екен. Үш қарсыласының үшеуін де жеңіп, еурокубокке сенімді түрде келе жатыр. Оның үстіне клуб өзге командаларда жалда жүрген футболшыларын қайтарып алған. Сонымен қатар, сәтті трансфер тіркеп үлгерген. Трансферлік құны шамамен 800 мың еуроны құрайтын чехиялық шабуылшы Зденек Ондрашек «Стяуа» сапына еркін футболшы ретінде ауысты. Бойы сұңғақ, ірі денелі форвард өткен маусымда «Виктория» Пльзен командасында 36 ойын өткізіп, Чехия премьер-лигасында 7 гол салған. Ең қызық жері Зденек Ондрашек 2019 жылдың күзінде Чехия құрамасына шақырту алды. ЕУРО 2020 додасының іріктеу кезеңі аясында Чехия Англиямен кездесті. «Еден Аренада» өткен матчта бас бапкер Зденек Ондрашекті матчтың 65-минутында ойыны солғын Патрик Шиктің орнына шығарады. Харри Кэйннің голына бір гол салып жауап берген чехтарға өз алаңында жеңіс ауадай қажет болатын. 85-минутта Лукаш Мосапуст қапталдан пас асырып, оған бірінші жеткен Ондрашек Пикфордтың қақпасына оңдырмай соққы жасады. Есеп 2:1 болып, Зденектің алғашқы матчындағы алғашқы голы Чехия құрамасына жеңіс әперді. Ондрашек одан кейін Словакия құрамасының қақпасына да гол салды, алайда түбі ЕУРО 2020 додасына баратын футболшылар тізіміне ене алмай қалды. Міне, осы шабуылшы енді «Шахтер» қорғаушыларының зәресін қашырары анық.

Қағаз жүзінде әлбетте «Стяуа» фаворит. Кезінде ел чемпионы болып тұрған «Ақтөбенің» өзін жеңіп өткен бұл команда өте тәжірибиелі, іргесі берік, абыройы зор клубтың бірі. Сондықтан да, «Шахтер» екі ойынның қорытындысы бойынша бұл команданы жеңіп өтсе, онда бұл нағыз ауыз толтырып айтатындай сенсация болмақ. Екінші ойынның Қарағандыда өтетіні, «Шахтер» үшін кішігірім басымдылық беруі мүмкін. Сондықтан да, алғашқы матчта бар күшті қорғанысқа салу қажет. Айта кетейік, алғашқы матч Румынияда, 22 шілде күні өтсе, жауапты ойын 29 шілде күніне жоспарланған. Жанкүйер жадына сала кететін бір маңызды ақпарат бар. «Стяуа» 1986 жылы Чемпиондар лигасын жеңген. Севильядағы «Рамон Санчес Писхуан» стадионында румындар «Барселонаны» ойын соңынан кейінгі пенальтилер топтамасында 2:0 есебімен ұтады. Бухарест клубының қақпашысы Хельмут Дудакам «Барселонаның» 4 ойыншысының пенальтиін тосқан.

Ермұхамед Мәулен

1 пікір

  1. Турар.

    Турар.

    15.07.2021 09:22

    Сәттілік қазақстандық клубтар ға. Евро кубоктарда.