Сұлтанғали Қаратайұлы, Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы: Комментатор болу – оңай шаруа емес

07.06.2011, 19:51
Сұлтанғали Қаратайұлы, Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы: Комментатор болу – оңай шаруа емес
Тұңғыш спорт комментаторына 75-жыл! Қазақ спорт журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Сұлтанғали Қаратайұлы үстіміздегі жылы 75 жасқа толғалы отыр. Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы, Қазақстан спортының құрметті қайраткері, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Әйтекеби ауданының құрметті азаматы Сұлтанғали Қаратайұлы жақында ғана жарық көрген  «Қазақ жерінің зиялы адамдары» атты жинақтың 17-томына енді. Спорт журналистикасына бір кісідей еңбегі сіңген тұлғамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

Репортаж жүргізіп отырған жерімнен талай алып тастаған

– Сұлтанғали аға, өзіңіздің өмірбаяныңыздан оқырман қауымға сыр шерте кетсеңіз.

Мен 1936 жылы Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келдім. Жастайымнан әке-шешеден жетім қалып, интернатта өстім. 1956 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, оны 1962 жылы аяқтап шықтым. Содан кейін Қазақ радиосында қазақша спорт редакциясы ашылып, соған жұмысқа кірдім. Міне, осы кезден бастап менің журналистикадағы қалыптасу кезеңім басталды.

Мектепте оқып жүргенде «Қарабұтақ» ауданының «Колхоз жолы» газетінде алғаш мақалаларым жариялана бастаған. Одан кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») пен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»)  газеттерінде де жиі-жиі материалдарым шығып жатты. Оның үстіне сол мектеп жасында бокс, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерімен шұғылданып жүретінмін. Соның арқасы шығар, журналистика мен спорт салалары мен үшін ажырамас бөлікке айналды. Сосын осы радиоға келісімен екі саланы ұштастырдым.

– Ең алғашқы спорт комментаторы болғандықтан, сол кездегі радиодағы алғашқы хабарларыңыз жайлы таратып айтсаңыз?

– Оқуды бітірісімен талай жерде жұмыс істедім. Ресейде темір жол қызметкері де болдым. Сосын Алматыға келісімен мені ҚызПиге жұмысқа шақырды. Бірақ мен келіспедім. Осы кезде радиода байқау болып жатқанын естіп, сонда бардым. Алғашқысында тапсырмалар берді. Саябақ ішіндегі спорттық шаралар, түрлі жарыстарды жазып жүрдім. Күндердің күнінде қазақ спорт редакциясына алындым. Сол 1965 жылдан 1978 жылға дейін радиода қызмет еттім.

Ол кезде қазақ спортының мақтанышы – «Қайрат» футбол клубы еді. Алғашқы репортажымды футболдан бар-жоғы 5-ақ минут жүргіздім. Оның өзі ойын басталған кезде 2,5 жарым, соңында 2 жарым минут. Тек ойыншылардың аты-жөнін таныстырып өте шығатынмын. Бұл – 1964 жыл еді. Ол кезде орыс тілінің мәртебесі зор еді. Тіпті, кейде репортажды жүргізіп отырғанда жоғарғы жақтан телефон шалып, «орыс тілі көбірек болсын, қазақша керегі жоқ», дей салатын. Басшылар орысша тыңдағысы келіп жатыр деп мені талай эфирден шығарып жіберген кездері болды. Сонда мен басшылыққа барып, наразылығымды айтып, жиналыстарда осы мәселені көтеретінмін. Бірақ, нәтиже жақын арада шыға қоймады.

«Брежневтің қорлығы» деп айтып жіберіппін...

– Бірақ, дегенмен түбінде сіз мақсатыңызға жеттіңіз ғой. Радио тарату үлесі ақарындап 30 да 70, кейінірек 50 де 50 болған жоқ па?

– Мен өз кабинетімнің қабырғасына «Қайраттың», хокейден «Динамоның» бүкіл маусымының күнтізбесін сызып, соған нәтижелерін жазып жүретінмін. Соған жұмыстағы әріптестерім қызығып күнде қарайтын болды. Бір күні Кенжеболат Шалабаев деген радио хабарларын тарату бөлімінің төрағасы келіп, үнсіз әлгі кестелерге қарап кетті. Түптің түбінде менің осындай дүниелер жасап,  спортқа қатты қызығатынымды естіп, қазақша бағдарламаның уақытын көбейтіп берді. «Орталық» стадион мен «Медеу» құрылысының басынан корректорлық бюро ашып, сол жақтан тікелей хабар тараттық. Міне осылай біртіндей келе қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалыстық.

– Жұмыс барысында болған қызықты оқиғаларыңыздың бірін айта кетсеңіз.

– Бір репортажды жүргізіп отырып «Брежневтің қамқорлығы» деудің орнына «Брежневтің қорлығы» деп айтып жіберіппін. Жұмыстан бірден алындым. 3 айдай қызметтен түсіп қалып, қиын жағдайға душар болдым. Бірақ, Радио-хабар тарату мемлекеттік комитетінің төрағасы Кенжеболат Шалабаев маған тапсырмалар беріп, штаттан тыс жұмыс жасай беруімді өтінді. Қаламақымды жоғарылатып, материалдарымды үздіксіз шығартып отырды. Сөйтіп бір күні көшеде келе жатып, бөріктерін аспанға атып «Брежнев кетті» деген адамдарды көрдім. Менің де қуанышымда шек болмады. Соның ертесіне Кенжеболат Шалабаев қоңырау шалып, мені жұмысқа қайта шақырды.

– Одан кейін телеарнада істедіңіз. Бұл кезеңдер де өзінше бір қиындықтарымен өткен шығар? Сол жылдары бұдан да өзге талай жаңалықтар аштыңыз ғой?

Бұл кезде спорт саласында ешқандай термин қазақша аударылмаған-тын. Көбінесе орысша сөздердің баламасын тауып, қазақша сөзбен әдемілеп, әспеттеп нақыштайтынбыз. Сол кезде біз аударған терминдер осы күні қолданысқа еніп жүр. Ол кезде барлығы тың еді. Сол тыңды тыңайттық деп ойлаймын. Мен өзімнің тілші мамандығымды барынша пайдаланып, аталған жағдайда көп еңбек еттім. Тұңғыш рет футбол анықтамалығын шығарып, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 1914 жылы Семейде «Жарыс» командасының құрамында ойнағанын анықтайтын фотосурет жарияладым. Қазір ол сурет музейде тұр. Көпшілік баспасөздің бетіне шығып, қазір ортақ құндылығымызға айналды.

Менің сол жылдары талай орысша дүниелерді қазақша сөйлеткенім сол кездегі жұмысыма керектігін білгендіктен шықты. Сол дүниелерім қазір қарап отырсам, осы күнгі журналистердің қажетіне жарап жатыр екен. Спорт тақырыбындағы тарихи-танымдық 200-ден астам ғылыми жұмысым Қазақ Совет Энциклопедиясының 12-томына енді.

Комментаторлық сазгерлікке ұласты

– Қазіргі комментаторларға айтар ақыл-кеңестеріңіз болса, сіздей көпті көрген көнекөздің білгені қазіргі журналист қауымға артық етпес деп ойлаймын. – Мен сол кезде телеарнаға келіп, «аңқау елге арамза молда» болмас үшін өзімше көп еңбектендім. Көп іздендім. Тіл біліміне байланысты қаншама ғылыми кітаптарды парақтадым. Радлов, Малов, Виноградовтардың еңбектерін қарап шықтым. – Осы күні де сол дағдыға айналған әдетіңізді жалғастырып жүрсіз. Кітаптарыңыз жарық көруде. Соңғы кездері композиторлықпен айналысып жүрсіз-ау.

– Бұрыннан жиналып қалған дүниелерім өзіммен бірге кетсе, оның несі керек. Жарыққа шығып, елдің алдында жүргені дұрыс қой. Сондықтан 2004 жылы «Елдің құты – қария» атты кітабымды шығардым. Өмірімде домбыра тартып, ән айтпасам да сазгерлік дарынымды шыңдадым. Қазақстан ұлттық құрамасы Түркиядан 0:6 есебімен ұтылған күні шыдай алмай осылай аяқ астынан өлең шығардым. Жан күйзеліп, бір қысылған шағымда осындай ән жазатыным пайда болды содан бері. Сол өлеңдердің өзі 2006 жылы «Көңілімді ән тербеп» деп аталатын жинақ болып жарық дүние көрді.

Сонымен бірге, боксшылар мен аяқдопшыларға арнап шығарған әндерім бар. Олардың қатарында қос «Қайратқа» арнап жазған гимнім бар. Ұлттық құраманың жанкүйерлерінің әнұраны, Президенттің Олимпиада ойындарының қатысушыларын шығарып саларда айтар әні мен жеңімпаздарды қарсы алатын кездегі вальсі бар. Бұлардың барлығы түрлі байқауларда жеңімпаз атанғанымен, осы күндері демеушісі табылмай, ән болып шырқалып жатқан жоқ.

– Қазіргі күні сіздің ісіңізді жалғастырып келе жатқан қазақ комментаторларына не айтасыз?

– Осы күннің комментаторларында жағдай жақсы. Ақпарат табу жағынан да, сөздік қорларды пайдалану мен терминдердің түсіндірмесі де дайын тұр алдарында. Былайша айтқанда, кезіндегі біз көрген заман бұлардың басында жоқ. Мен ең алғаш спорт хабарларын жүргізуші болғанымда қатты қиналдым. Қазақ тілінде бірде-бір спорттық анықтамалық сөздік жоқ еді. Түрлі-түрлі термин сөздерге кезігіп, олардың жоқ аудармасын ойдан табуға тура келетін. Мен сол кезде түбі осы нәрселер керек екендігін біліп, шетінен аудармасын жасап, талай терминді қазақша сөйлеттім.

Қаншама біріншіліктердің статистикасын жасадым. Ал қазір барлығы ғаламторда да, газет беттерінде де сайрап тұр. Бірақ, бір айтарым, адам өзі ізденіп, үнемі еңбекке әдеттенбесе, ол түбі бір күні алдынан шығады екен. Көп комментаторлар орыстың сөзін қазақшаға тікелей аудара салады да, қазақтың сөзін құртады, әрі оның мағынасын аша алмай дал болады. Сол үшін қай тілден аударылса да оның ең алдымен сол спорттың табиғатына келетін сөз болғанын қалар едім.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Фото Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Еуро-тур
×