Легионер ме, миллионер ме?
Қазақстанның қай командасын қарасаныз да, өзміздің қара домалақ қазақтың баласынан гөрі өзге ұлт өкілдерін көптеп кездестіретініміз айдан анық. Бұл ойыншылардың көпшілігі алыс-жақын шет елдерден, басым көпшілігі Ресейден, Өзбекстаннан, Сербиядан ақшаға жалданып келіп жатыр. Бұл ойыншылар ақшаға жалданып келіп жатқан соң, өз командаларында бар ынта-шынтасымен ойнамайтыны қазақ футболының жанкүйеріне сөзсіз белгілі. Еліміздегі аяқдоп ойының жанкүйерлері бұл жағдаяттарды қанша жерден болдырмау үшін жатпай-тұрмай жұмыс атқарып жатқанымен, нәтиже әлі де өзгеріссіз.
«Баяғы жартас – сол жартас» дегендей. Соңғы уақыттарда қазақ футболына көңілдері толмайтының депутат мырзалар да айтып жұр. Мәжілістің төртінші шақырылым депутаты Нұртай Сабильянов ел футболының қазіргі ахуалына, онда ойнап жатқан легонерге былайша өз көз-қарасын білдіруде:
Шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алу керек. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектептерінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау керек. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелу керек. Сонда ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Мен басқа жолды көріп отырған жоқпын. Өз ұлдарымыз ойнамайынша, ешкім де біз үшін жанталасып, арамтер болмайды. Ешкім де қазақтың намысын қорғап, жарытпайды. Сол себепті жергілікті футболшыларға көп көңіл бөлінуі керек. Ұлттық құрама жасақтауымыз керек. Ал Беранек бірнеше футболшымызды құрамаға маңайлатпай жүр.
Депутат ағаларымыздың көңілі толмаған ел футболына қарапайым жанкүйердің де көңілдері толмасы анық еме пе ? Әрмен қарай Сабильянов мырза сөзін былай жалғастырады:
Дәл қазір футболдан Қазақстан құрамасының ойынына көңілі толып отырған азаматтарды көріп отырған жоқпын мен. Өйткені ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан да менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылардың кем дегенде 70 пайызы қазақ азаматтары болуы керек. Бұл басбапкерге қойылатын негізгі талап болуы керек.
Ұлттық құрама ойыншыларының жалақылары қанша?
Шындығына келсек, мұндай ақпаратты көпшілік біле бермейді. Себебі, ойыншылардың қанша жалақы алатынын, сыйақысы қанша болатынын олар ешқашан ашық айтқан емес. Қазақ футболындағы қаражат мәселесі мемлекеттік құпиямен тең. Әлемге танымал ойыншылардың қай жылы қанша пайда тапқанын білу оңай. Ал біздің еліміздің ойыншылары жайлы мұндай ақпарат ала алмайсың, тіпті жоқ. Себебі, «әлдекімге» бұл тақырыптың жабық болғаны керек. Жуырда бір интернет сайтынан «Тараз» командасының ойыншыларының жалақысын жария етіпті. Ол мақаладағы цифрлық көрсеткіш рас па, өтірік па оны да дәл ешкім білмейді. Бір қызығы мақаланың авторы кіріспе сөзіне былай депті: «Өтініш бұл мақаланы дүйім жұрқа жаймаңыздаршы. Мен мәліметтерді «Тараз» командасының қызметкерлерінің бірінен алдым. Менің жариялағанымды ол кісі білсе, маған қатты ренжиді»,-делінген. Тағы бір қызығы, тап осы мақаланы толық оқып шығайын деп тура сол сайтқа бірер күннен соң кірсем, жоғарыдағы мақала жоқ. Яғни ол порталдан алынып тасталған. Алдыңғы оқығанымнан есте қалғаны, «Тараздық» аяқтопшылардың біршамасының айлықтары 600 мың теңге, сыйақы ретінде 150 мың теңге деп көрсетілген. Ал енді өзіңіз ойлай беріңіз! Премьер-Лигада әзер орнын сақтап қалған команданың жалақылары осынша болса, ел біріншілігінде жүлдеге ие болған ұжым ойыншыларының жалақылары қанша болмақ ? Демек біздің футбол да үлкен бизнеске айналған. «Үлкен» адамдар арасында «үлкен» сомалардың ойынына айналған!
Бұл жөнінде Нұртай аға Сабильновта өз пікірін білдірген. Тыңдап көрелік: Футболда бәрі ашық болуы керек. Халықтан жасырып, жабулы қазан күйінде жүргізуге болмайды, бар істі. Бәрі ашық түрде, әрбір футболшы, жаттықтырушы қанша жалақы алады, соның бәрін баспасөзде жариялап, талдау жасау керек. Әйтпесе мұндай жасырын футболмен бауырымызды жаза алар емеспіз. Мысалы, жақында әлем чемпионаты өтті. Бәріміз де көрдік. Сонда допты бізден кейін тепкен, бұрын футболы жоқ елдердің де шығып жатқанын көрдік. Ал олар қалай шығып жатыр ақтық сынға?! Оларда Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы басым. Бізде ондай отансүйгіштік бар ма?! Бізде бір жыл ойнайды, ұнамаса кете салады. Азаматтық алды ма, бір жылдан кейін одан шығады да, басқа елдің азаматтығын ала салады. Бұл бір кіріп-шығатын есік секілді.
Статистика да бізге қарсы ?
Мамандар қазақ футболы Еуропа футболынан жарты ғасыр артта келеді деседі. Оның үстіне шірене доп тебу үшін Қазақстанның футбол алаңдарының нашарлығы, яғни Еуропаның стандартына сай келмейтінін сөз етеді. Ия, шынында да бізде үлкен алаңда доп тебу былай тұрсын, жасөспірім жігіттер доп ойнайтын жасанды алаңдар кемде-кем. Осы кезде айта кететін бір жәйт, Батыс Еуропа елдерінде жылына 150-ден аса жасанды алаңдар салынады екен. Ал, бізде жылына 10 жасанды алаң да салынбайды. Салынса да, ол алаңдарды әркім өзінің жеке меншігі етіп, оны да табыс көзіне айналдырып жатады.
Тағы да бір статистикаға сүйенер болсақ, Кәрі құрлық елдерінде, атап айтар болсақ Ұлбританияда, Италияда, Испанияда, Франция және Германия мемлекеттерінде футболмен ел тұрғындарының 10% айналысса, бізбен көршілес тұрған Ресей федерациясында аяқдоппен ел тұрғындарының 1% айналысады екен. Орыс көршілеріміз осы көрсеткішті EURO – 2012 дейін 3%-ға өсіреміз деген жоспармен қарқынды жұмыс істеу үстінде. Ал Қазақстанда ел тұрғындарының қанша пайызы футболмен айналысып жатқаны туралы статистика мүлде жоқ.
Бірақ біз бұл үшін де мұңаймаймыз. Қазақ қашанда «үміт» пен «сенімді» бірдей арқалаған халық. Күндердің күнінде біздің ойыншылар да үмітті ақтап, сенімімізден шығар!
Уалихан ҚОСАНБАЙ
Біздің серіктес: FONBET