
Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген “Тобылдың” “Ақтөбеден” жеңісінен кейін жанкүйерлер тарапынан қатаң сынға ұшырады. Жанкүйерлер жартылай қорғаушының әрекетін арандатушылық және ұлттық құраманың капитанына лайықсыз деп бағалауда.
Қазақстан құрамасы мен Қостанайдың “Тобыл” клубының капитаны Асхат Тағыберген тағы да сынның астында қалды.
Қазақстан Премьер лигасының 5-турындағы “Тобыл” мен “Ақтөбе” арасындағы кездесуде жанкүйерлердің назарын ойын емес, Тағыбергеннің алаңдағы әрекеті аударды.
Әлеуметтік желілерде ұлттық құраманың капитаны лас ойын көрсетіп, қарсыласты үнемі арандатып отырды деген айыптаулар айтылуда. Жанкүйерлер мұндай әрекетті халықаралық аренада ел намысын қорғайтын ойыншыға мүлде жат деп есептейді.
“Асхат мүлдем футболшыға тән емес әрекет жасады. Ойын бойы арандатумен болды. Командасының жеңіске жетуі керек екенін түсінеміз. Бірақ оны неге арам жолмен жасау керек? Әділ жеңсе – хейтерлер де тынышталар болар еді. Оның үстіне ол – ұлттық құраманың капитаны ғой." – дейді “Капитан Инсайд” телеграм-арнасының авторы.
Көпшілік Тағыберген клуб мүддесін ұлттық құраманың беделінен жоғары қойды деп санайды.
Жанкүйерлер арасында “Мұндай арам ниетті адам нағыз капитан бола алмайды.” – деген пікірлер де кездесуде.
Қазақстан футбол федерациясы әзірге бұл жағдайға пікір білдірген жоқ, алайда жанкүйерлердің наразылығы қатты білінуде.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET