Таланты мен тәртібі қатар тұрған дарабоз еді…

13.07.2025, 20:24

2013 жылы Қазақстан чемпионаты таланты футболшысынан ажырады. Түнгі клубтың күзетшісімен қақтығысқан Эмиль Кенжесариев жан сақтау бөлімінен бірақ шықты.

Таланты мен тәртібі қатар тұрған дарабоз еді…

Түп тамыры қырғыз елінен тараған Эмиль Кенжесариев мансабын жергілікті “Абдыш-Атада” бастаған. Жастайынан зерек болған ол өз жасындағылар арасында өте талантты саналды. Сол себептен жас ойыншы арман қуалап, Алматыға қоныс аударды. Осы сәттен бастап Эмиль еліміздің футболымен кеңінен танысты. Алғашында “Алматы” клубында жүріп, кейіннен “Жеңістің” назарына іліккен Кенжесариевтың деңгейі уақыт өткен сайын жоғарылай берді. Сол қапталда сауатты әрі сенімді өнер көрсетіп жүрген Эмиль сөйтіп жүріп, “Ақтөбеге” жалға барды. Мұнда қорғаушы бір маусым өткізіп, “Жеңіске” қайта оралды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. “Ақтөбе” Кенжесариевті клубтың толыққанды футболшысы қылды. Сол сәттең бастап ол команда жейдесінде барлығы 191 ойын өткізіп, 22 гол мен 6 голдық пас берді. Арасында Эмиль өзбекстанның “Бунедкор” клубына барып қайтты. Қосымша оған “Ростов” ұжымы да қызығушылық білдірген екен. Алайда тоқ етеріне келгенде, Кенжесариев мансабы Өзбекстанда жалғасты. 2012 жылы Эмиль Қазақстанға қайта оралды. Осы жаңалықты естіген “Ақтөбе” аңызын клуб қосынына қосты.  Командада Кенжесариев үшін барлығы сәтті болды. Ойыншы әдеттегідей жанкүйерлердің сүйіктісі және ұжымның мызғымас бір бөлігі. Алайда бір жыл өткен соң, қазақ футболын шұғыл жаңалық есінен шығарды…

2013 жылдың 9 тамызында Эмиль “Ақтөбемен” бірге Алматыға сәтті қонды. Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шыққан Кенжесариев достарымен бірге жеңісті атап өту үшін сол күні-ақ оңтүстік астананың көңіл көтеру орындарының біріне барады. Онда күзетшімен жаға жыртысқан футболшы басынан ауыр жарақат алып, есін жимайтындай күйге түседі. Кейінірек көшеде жүрген азаматтар Эмильді Абылай хан мен Жамбыл көшелері арасында ес-түссіз жатқан кезінде тауып алады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері Кенжесариевтің бас сүйегі қатты зақымдалғанын анықтап, оның өмірі үшін арпалысады. Алайда олар Эмильдің төсектен тұратынына сенім білдірмеді. Өйткені оның алған жарақатымен тірі қалудың өзі ғажапқа теңелді. Бірақ Кенжесариев ерлерді. Бар жігерін бойына жинаған футболшы Израильде күрделі ота жасатып, қайта қалыпқа келді. Бір қызығы,  Эмильді сол кезде қан-жоса қылып соққыға жыққан күзетші небәрі 2 жылға сотталды. 

Кенжесариев қайғылы оқиға орын алған күні Қырғызстанға аттануы тиіс болған. Ол еурокубоктен кейінгі демалысын пайдаланып, досының тойына баруды жоспарлаған. Бірақ Алматыда кідірген бірнеше сағаттың кесірінен Кенжесариев футболмен мәңгілікке қош айтысты. 

Кезінде Роберто Карлостай сол қапталдың сардары болған Эмиль бүгінде артық салмақпен күресуде. Сұмдық жарақат кезінде күшті дәрілерді қолданған экс-футболшы бір өкініштісі, бұрынғыдай қалыпқа енді ешқашан келмейді… 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 2
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

Ақтөбе ФК
Aladop Youtube
×