Талдықорғанға футбол қайтып келіпті. Қайрат Нұрдәулетов жасақтаған сүп-сүйкімді команданың ойынын тамашалау үшін халық демалыс уақытын кәдімгідей жоспарлап, алаңға баратын болған. Біз де алаңда орнайтын сол ерекше атмосфераны өз көзімізбен көру үшін жексенбіде түс ауа «Жетісу» - «Қызыл-Жар» матчын тамашалауға бет алдық
Талдықорғанның біраз ықшам-ауданын аралап шығатын нөмірі 24-автобуста отырмыз. Провинцияның көпшілігіндей қоғамдық көлік лық тола бермейді. Отыра сала, телефонға шұқшиған адамдар. Бір-екі аялдамадан кейін мініп, өзара әңгімелескен балаларға назарымыз ауды. Бірі, - Кім жеңеді бүгін? – деп қояды. «Жетісудың» ойынын көруге бара жатқандарын түсініп, біз де әңгімелеріне араласа кеттік. - Қанша ойынға бардың?, «Ақтөбемен» матчты көрдіңдер ме?, - деген ауандағы біраз сұрақтың астына алып келеміз. Шағын «сұхбаттың» соңында екі ағайындының үлкені, - Мен футболға көп қызықпаймын, мынау үшін бара жатырмын, бұл футболды қатты жақсы көреді, - деді жанындағы бауырын иегімен нұсқап. Осылай отырып, «Орталық алаңға» қалай жеткенімізді де аңғармай қалыппыз. Оның үстіне Талды қала да шағын, ана басы мен мына басына бару үшін жарты-ақ сағат жетеді деген бекер емес. Қоғамдық көліктен түсіп, діттеген жерге аяңдап барамыз. Талдықорғанның кешкі ауасында кәдімгідей, футбол атмосферасы қалқып тұрғандай. Баяғыда, Алматыдағы «Қайраттың», не Ұлттық құраманың ойындарында орнайтын, дәл сондай болмаса да соған ұқасас жағдай ғой. Маусым басында аз-кем тілдескенде команда бас бапкері басты мақсат: «Жетісудың» мачтарына көптеп жанкүйер тарту, - деп еді. Қайрат Жұмабекұлы мақсатына жетіпті деген жақсы ойдың жетегімен алаңға ене бердік. Жасы шамамен 9-10 дардағы баламен қатарласа, «командада кім ұнайды» деп сұараған едік, ойланбастан - Мужиков, - деген жауап алдық. Стадионнан орын табылмай қалатындай асығыс балақай, - Асхат Балтабеков» дегенді де қоса кетті. «Жетісудың» вице-капитанының соңғы кезде жақсы ойнап жүргендігінің рас екенін айта бергенімізде, - Иә, ол менің ағам ғой – деді...
Сонымен, іштегі атмосфера тіптен керемет. Талдықорғанда мұндай жағдайды жиі көре бермейсің ғой. Сондықтан, іштей риза болдық. Аншлаг емес, әрине. Десе де, алаңның үштен екі бөлігін толтырып тастаған сияқты. Кездесудегі бас төрешінің ысқырығы шалынған соң да келушілердің қарасы үзілген жоқ. Одан кейін байқағанымыз: фанаттар тобы да белсенді. «Жетісуды» қолдап, қиқулататын топ бұрындары да болатын, бірақ бүгінгі кештегідей көтеріңкі көңіл-күйді бірінші байқауымыз. Ашығын айтқанда, Талдықорғандай мұндай футбол фестивалін 2011-2012 жылғы маусымда жергілікті команданың Еуропа лигасындағы ойынынан байқап едік. Ол кезде қателеспесек, Польшаның «Лех» командасымен болған іріктеу кезеңінің кездесуі. Ол матчтың жөні бөлек. Еурожарыс дегендей. Ал, енді осындай жай премьер-лиганың кездесуіндегі жанкүйердің қарасы шынымен-ақ керемет екен. Ерекше әсер!
Қонақта Әли Әлиевтің «Қызыл-Жары». Петропавлдан да біраз фанаттар келгендей ме? Олар да өзінің командасына қолдау білдіріп қояды. Бірақ, жергілікті жанкүйерлердің қиқуы құлақ тұндырады. «Сигнал Идуна Паркте» отырсақ қандай болар екен деп қоямыз өзімізше. Ең ұнаған тұсы: отбасылы адамдардың келгендігі. Футболға деген қызығушылықтың шегін анықтайтын индикатор осы. Бұл - футболдың нышаны. Кішкентай қызы мен ұлын әкелген әкелер, үлкен апайлар отыр. Мойындарына шарф іліп алған қариялар. Қысқасы «Жетісуға» жанкүйер келетін болған. Жігіттердің жасыл алаңда барын салатынындай бар екен. Айтпақшы, өткен жолы біраз мем мен қағытпаға себеп болған табло да реттелген секілді. Ойынның екінші жартысында қосылған шамдар да кезедесудің ажарын кіргізгендей. Ал бәсекенің өзі көңілден шыға қоймады. Қайрат Жұмабекұлының командасы шаршаңқы көрінді. Мұның немен байланысты екенін білмедік. Алаңнан тек бір-ақ команданы көргендей әсерде болдық. Әсіресе, бірінші таймда. Үзілістен кейін де кездесудің сюжеті көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Қонақтар белсенді болды. Тіпті, матч соңына таман Әли Әлиевтің шәкірттері пенальти тебу құқығына ие болып, абырой болғанда Евгений Березкиннің соққысы қақпадан биік кеткен. Бәсеке соңында алаң иелері тоғыз ойыншымен қалса да, тең есепті ұстап қала алды. «Жетісу» мен «Қызыл-Жарды» баптайтын азаматтар еліміздегі болашағынан үлкен үміт күттіретін азаматтар. Қайрат Нұрдәулетов те Әли Әлиев те шағын бюджетпен тәп-тәуір ұжым жасақтай алды.
Петропавлда қалай екенін білмедік, бірақ Талдықорғанға футбол қайтып келіпті деген ой түйдік. Және мұндай оймен тек біздің қайтпағанымыз анық. Айтпақшы, ойын соңында матчтың анти-қаһарманы болған қарсыластың капитаны – Евгений Березкиннен жергілікті төсеніштің сапасы жайында сұраған едік. Кезінде «БАТЭ» секілді клубта ойнап, мансабында біраз дүниені көрген беларусиялық футболшы жоғары бағасын берді. Жақсы алаң бар, жанкүйер келеді, ендігі кезек – футболшыларда.
Біздің серіктес: FONBET