Талғаев тiзгiндi босатты

13.04.2011, 20:04
Талғаев тiзгiндi босатты
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының ойындары тур өткен сайын қыза түсуде. Өткен аптада елiмiздiң он екi командасы алтыншы тур ойындарын қорытындылады. Қызығы сол, Қазақстан премьер-лигасының 6-тур ойындарынан кейiн екi бiрдей бапкер өз қыз­меттерiнен кеттi. Мәселен, Шымкенттiң “Ордабасы” клубының басшылары наурыз айының соңында бас бапкер Анатолий Юревичтi көмекшiсi Владимир Белявскиймен қосып, Беларусь асырып жiбердi. Ендi мiне, өткен аптаның соңында “Тараз” клубының басшылары команданың бас бапкерi Ваит Талғаевтан бапкерлiк тiзгiндi алды. Дәлiрек айтсақ, “Тараз” клубының бас бапкерi Ваит Талғаев “Ақтөбеден” жеңiлгеннен кейiн өз еркiмен кететiнiн мәлiмдедi. Ваит Талғаев – елiмiздегi тәжiрибелi бапкерлердiң бiрi. Десек те, “Тараз” клубының тiзгiнiн ұстаған Талғаев футболшылардың тiлiн таппады ма, әлде басқадай себептер болды ма, команданың ойыны жүрмей-ақ қойды. Алты ойында бiр ғана жеңiске жетiп, қалған кездесулердiң барлығында ұтылып қалған “Тараз” футболшылары қазiр турнир кестесiнiң соңғы орнында келедi. “Тараздықтар” 6-турда “Ақтөбе” футболшыларын қабылдап, 0:2 есебiмен жеңiлiп қалды. Беларусь маманы Анатолий Юревичтiң орнына Виктор Пасульконы бас бапкер етiп тағайындаған Шымкенттiң “Ордабасы” клубы ойламаған жерден Қарағандының “Шахтерiн” “аяқтан шалды”. Турнир кестесiнде алдыңғы үш орынды жағалап жүрген “кеншiлер” осы жеңiлiсiнен кейiн турнир кестесiнде бесiншi орынға сырғыды. Қарағандылық футболшылардың алдын Астананың “Локомотивi” мен Павлодардың “Ертiсi” орады. Астаналықтар бұл турда Өскеменнiң “Востогын” ұтса (2:0), керекулiк аяқдопшылар Қызылорданың “Қайсарына” күйрете соққы бердi: 4:1. Талдықорғанның “Жетiсуы” әзiрге көштiң басын ешкiмге берер емес. “Ақтөбе” футболшыларымен бiрдей ұпай жинап, доп айырмасы бойынша алда тұрған “жетiсулықтар” 6-турда “Атыраудан” айласын асырды: 2:0. 6-турдың толық нәтижесi төмендегiдей: “Ертiс” (Павлодар) – “Қайсар” (Қызылорда) – 4:1 (Шабалин, 50-минутта, Сергиенко, 54-минутта, Дорош, 59-минутта, Семлер, 77-минутта – Мальцев, 89-минутта, пенальтиден); “Тобыл” (Қостанай) – “Қайрат” (Алматы) – 3:1 (Юрин, 34, 89-минуттарда, Щептицький, 41-минутта – Головской, 10-минутта, пенальтиден); “Локомотив” (Астана) – “Восток” (Өскемен) – 2:0 (Богавац, 32-минутта, Шахметов, 65-минутта); “Жетiсу” (Талдықорған) – “Атырау” (Атырау) – 2:0 (Харабара, 4-минутта, Мұжықов, 33-минутта); “Ордабасы” (Шымент) – “Шахтер” (Қарағанды) – 1:0 (Мұхтаров, 90-минутта); “Тараз” (Тараз) – “Ақтөбе” (Ақтөбе) – 0:2 (Хайруллин, 36, 63-минуттарда). ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК Қазақстан футбол қауымдастығының берген мәлiметi бойынша 6-тур ойындары кезiнде стадионға 20 000 жанкүйер келген. Бұл көрсеткiш өткен 5-тур ойындарымен салыстырғанда 4500 адамға көп. 5-тур ойындары өте дөрекi өттi. Алты ойынға қазылық жасаған бас төрешiлер 33 футболшыға ескерту жасап, бiр футболшыны алаңнан қуды. Мергендер көшiн “Ақтөбе” ойыншысы Марат Хайруллин бастап келедi. Осы турда “Тараз” қақпасына қос доп соққан М.Хайруллиннiң қоржынында алты доп бар. Төрешiлер бұл турда үш бiрдей он бiр метрлiк айып добын белгiлесе, соның екеуi ғана орындалды. “Шахтер” ойыншысы Мақсат Байжановтың тепкен айып добын “Ордабасы” қақпашысы Роман Нестеренко қайтарды. 5-турда барлығы он алты гол соғылды. Оның он екiсiн алаң иелерi соқса, қалған төртеуi қонақтардың еншiсiнде. 7-турдың ойындары 16 сәуiр күнi өтедi. “Қайрат” (Алматы) – “Локомотив” (Астана); “Восток” (Өскемен) – “Ордабасы” (Шымкент); “Атырау” (Атырау) – “Ертiс” (Павлодар); “Қайсар” (Қызылорда) – “Тобыл” (Қостанай); “Ақтөбе” (Ақтөбе) – “Жетiсу” (Талдықорған); “Шахтер” (Қарағанды) – “Тараз” (Тараз).
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×