Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов матч алдындағы баспасөз мәслихатында Солтүстік Македонияға қарсы өтетін жолдастық кездесу туралы пікір білдірді:
- Талғат Маруаұлы, ертең Солтүстік Македониямен болатын ойынға қатысты не айтасыз?
- Сәлеметсіздер ме? Бізде бұл ойынға дайындалатын көп уақыт болған жоқ, бірақ бірнеше жаттығу жұмыстарын өткіздік. Қарсыластарымызды талдап, олар жайлы бар мәліметті ойыншыларымызға жеткіздік. Македония құрамасы 1 маусым күні Словения құрамасымен тең ойнады. Осы ойынға да талдау жасадық. Аз уақыт болса да демалып алдық. Жігіттер бұл ойынға дайын.
- Жігіттер 5 сағат бойы Скопьедегі әуежайда бөгеліп қалды. Бұл команданың психологиялық және физикалық дайындығына қаншалықты әсер етеді?
- Болары болды, ештеңені өзгерте алмаймыз. Біз қажетті құжаттарды бердік. Бірақ бұл жағдайдың дәл бүгін орын алғаны өкінішті болды. Матч кез-келген ауа-райында өтеді дейтін сөз бар ғой. Біз де дайынбыз. Бұл ойын біз үшін үлкен тәжірибе болады.
- Киевте көптеген ойыншылар жарақатына байланысты ойнай алған жоқ. Әбікен, Әліп секілді ойыншылар бұл жолы құрамаға шақырту алмады. Бұл олардың жарақатына байланысты ма, әлде сіз жаңа ойыншыларды тексеріп көргіңіз келді ме?
- Біршама ойыншылардың алған жарақаттары бар. Кейбір ойыншылар ота жасатты, Ресейде өнер көрсететін Быстров пен Шомконың да жарақаты бар екен. Ал Вороговский бір жарым ай бойы ойнамады. Оның өзі де қазір ойнауға дайын емес екенін айтты. Тіпті Ресей Премьер-лигасының соңғы турларында ойнаған Алексей Щеткин де екі апта бойы жаттығу жасамады. Бірақ, ол ұлттық құрамада ойнауға дайынмын деді.
Біз екі ойынға екі түрлі құрам жасақтаймыз деп ойлаған едік. Жағдай өзгерді, тек бір ғана ойын өткізетін болдық. Біз қырқүйек айында болатын ойындарға да дайындалу үстіндеміз. Алдағы уақытта Франция және Украинаға қарсы матчта ойнаған жігіттер де ұлттық құрамаға шақыртылады. Себебі, қыркүйек айында бізді үш ойын күтіп тұр. Ол жерде бір құраммен ойнай алмаймыз.
- Ұлттық құрамаға Бауыржан Байтана шақырту алды. Ол бұрыннан жақсы ойнайтын футболшы, бірақ көп бапкерлер оны пайдалана алмады. Және Премьер-лигада 4-5 гол соққан Әлібек Қасымды шақырдыңыз. Одан бөлек, біраз уақыт бойы футболдан қол үзіп қалған Таңат Нөсербаевты да тізімге қостыңыз. Осындай ойыншыларды құрамаға шақырғанда сізде қорқыныш сезімі болмай ма?
- Біз маусым басталмас бұрын селекция жұмыстарын жасаған болатынбыз. Одан бөлек, олардың Премьер-лигадағы ойындарын бақыладық. Әлібек Қасым бұл маусымда жақсы өнер көрсетуде, сондықтан да ол қазір бізбен бірге жүр. Таңат Нөсербаев - өте тәжірибелі ойыншы. Ия, ол бір жыл бойы футбол ойнамады. Бірақ биыл ҚПЛ-на жаңадан қосылған "Тұран" клубында көшбасшы болып, жақсы қырынан көзге түсуде. Бізге осындай тәжірибелі шабуылшылар да қажет. Бұған дейін жақсы ойнаған Байтананың да нашар ойнап қалуына не себеп болғанын білмеймін. Бірақ қазір бұрынғы бабына қайта оралды. Біз оларға сенеміз, олар да мұнда не үшін келгендерін жақсы түсініп отыр.
- Қазақстан құрамасы Солтүстік Македонияға қандай мақсатпен келді?
- Мақсатымыз айқын, жақсы ойын көрсетуіміз керек. Солтүстік Македония да өз кезегінде бізбен күш сынасып көргісі келді. Бұл ойын қос команда үшін де пайдалы болмақ. Әсіресе қарсыласымыз үшін. Себебі, олар бір аптадан кейін Еуропа чемпионатына қатысады. Біз үшін де Еуропа чемпионатында өнер көрсететін командаға қарсы ойнау үлкен тәжірибе болмақ. Осы сәтті пайдаланып, Солтүстік Македония құрамасын осы турнирге жолдама алуымен құттықтағым келеді.
- Солтүстік Македония құрамасының бас бапкері негізгі құрамда өзгерістердің болатынын хабарлады. Қазақстан осы жағдайды пайдаланып, жеңіс үшін ойнайды ма?
- Біз олардың 1 маусым күні өткізген ойынын бақыладық. Бұл матчта олардың негізгі ойыншылары өнер көрсетті. Ертеңгі ойында қарсыластардың негізгі құрамы әлсірейді деп ойламаймын. Себебі құрамаға шақыртылған ойыншылар бір аптадан кейін Еуропа чемпионатында ойнайды. Ертең Солтүстік Македонияның мықты ойыншылары екінші таймда алмасып шығуы да мүмкін.
Кез-келген бапкер жеңіске жеткісі келеді. Сондықтан ертеңгі ойын өте қызықты өтеді деп ойлаймын.
Біздің серіктес: FONBET