Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Лихтенштейнмен болған матчта дубль авторы атанып, бір нәтижелі пас берген Ғалымжан Кенжебекті неге ауыстырғанын айтты.
«Әлі жас қой. Ойын көп. Қазақта тілден, көзден сақтасын деп айтады ғой.
Максим Самородов бүгін төртінші сары қағазын алып, келесі ойынға қатысу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан оған толықтай 90 минут уақыт бердік. Ал Ғалымжан Кенжебекті сақтап, Солтүстік Македонияға қарсы дайындауды жөн көрдік. Рамазан Оразовты да сол себепті ауыстырдық.
Уақыт аз. Ертең жолға шығамыз. 2-3 күннен кейін дайын болса, 90 минут ойнайды ғой», – деді Талғат Байсуфинов.
Flashscore қосымшасының бағалауы бойынша, Ғалымжан Кенжебек осы матчта мүмкін болған 10 баллмен бағаланып, “ең үздік ойыншы” атанды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы келесі ойынын 13 қазанда Солтүстік Македонияға қарсы өткізеді.