Талғат Байсуфинов: «Украина бапкерінің ауысқаны бізге қиындықтар тудыртты»

01.09.2021, 20:17
Бас бапкер бүгін тек қорғаныста жатып алмай, белсенді түрде шабуылға шығамыз дейді.
Талғат Байсуфинов: «Украина бапкерінің ауысқаны бізге қиындықтар тудыртты»

Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатынды алдағы ойындар жайлы пікір білдірді.

- Талғат Маруаұлы, Украина құрамасымен тең түскен соң жанкүйерлер бас командамызға жылы пікірлер айтып жатыр. Дегенмен, Украина одан кейін ЕУРО додасына қатысып, мол тәжірибие жинады. Енді алдағы матчта қандай ойын болуы мүмкін. Оның үстіне қарсылас командаңыз бас бапкерін ауыстырды ғой. 

- Дайындығымыз қалыпты жағдайда өтті. Мен ұлттық құрамаға алынатын ойыншылардың кездесулерін тамашалап шықтым. Қазақстан кубогінде ойнағандарды және шет елдерде жүрген футболшыларды тыңғылықты зерттедім. Украина құрамасы әрқашан мықты ұжым болғанын білесіздер. ЕУРО додасына қатысуының өзі соны білдіреді. Украинаның құрлықтық додадағы барлық матчын тамашалап, сараптама жасадым. Ақпарат жеткілікті. Қарсыластың ең мықты тұсы – футболшыларының жеке шеберліктерінің жоғары болуында. Олардың көбісі Еуропаның чемпионаттарында ойнайды. Көктемде олар бізге қарсы матчта бір аптадағы үшінші ойынын өткізді. Содан болар сәл шаршаңқы сезілді. Ал қазір олар бізбен бірінші ойындарын өткізеді.

Украина бапкерінің ауысқаны бізге қиындықтар тудыртты. Біз басқа бапкердің тактикасына дайындалып отырғанымызда барлығы күрт өзгеріп кетті. Себебі, жаңа бапкер ол – жаңа тактика, жаңа ұстаным деген сөз. Қазір олардың қандай футбол ойнайтынын білмей отырмыз. Демек, футболшыларының жеке шеберлігі бұлардың басты артықшылығы болады. Соған дайындалуымыз қажет. Сонымен қатар, біз өзіміздің философиямызды ұстана береміз. Тек қорғанысқа қамалмай, шабуылдап, бағымызды қарсыластың қақпасының маңынан іздейміз. 

- Көктемгі матчтарда құрамада ойнап жүрген тәжірибелі футболшылар болмады. Көбісі жарақат алды. Жазда жолдастық матч кезінде жастарды бір тексеріп көрдіңіз. Енді ресми ойындарға келгенде қандай да бір өзгерістер бола ма? 

- Бізде жас ойыншылар баршылық. Жастар құрамасында ойнайтын жігіттерді бұл жолы шақырмаймыз. Шақырсақ, олардың құрамасы әлсіреп кетеді. Әрі жастар тәжірибиесіз қалар. Үнемі шақырып жүрген аяқдопшыларға қоса жаңадан алынғандарды да қосамыз. Бір аптада 3 ойын өткізетін болғандықтан құрамаға алған ойыншылардың барлығы іске араласады деп айта аламын. Біз жеке шеберлік тұрғысында мықты емес шығармыз, алайда тәртіп пен ерік-жігердің арқасында бар күшімізді көрсетеміз. Бұл – ұлттық құрама! Мұнда жай ойын болмайды. Құрамаға алынған футболшылар намыссыз, жігерсіз жасыл алаңға шықпайды. Оған мен кепілдік беремін. Шеберлік жетпесе ұмтылыс арқылы, командалық ойын арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады. Алдағы үш ойында біз абыройлы ойын өрнегін көрсеткіміз келеді.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×