Талғат Теменов: Легионерге миллиондарды бергенше, дәрігерді жарылқайық!

03.05.2020, 22:50
Соңғы 3-4 күнде жаным жүдеп, көңіліме қаяу түсті.
Талғат Теменов: Легионерге миллиондарды бергенше, дәрігерді жарылқайық!

Өзіміз ауырғанда жүгінетін дәрігерлеріміз науқастанса, бұдан артық қорқыныш жоқ екен… Мен қазір «Біздің дәрігерлер неге ауырды, қалай ауырды, неден болды? Оған кім кінәлі?» деген сұрақтар қойғым келмейді. Оны тексеріп, ақ-қарасын зерттейтін комиссия бар шығар… Менің қабырғама бататыны – солардың ауырғандығы… Тілегім – сол жандардың тез сауығып, арамызға аман-есен оралуы. Қазіргі індет – коронавирус – біздің көп нәрсеге көзімізді ашты.

Енді біз осы пандемиядан соң өзгеретін болармыз. Өйткені өзгермеске шара жоқ. Әлеуметтік желідегі әлеуметті тыңдауға – фейсбук, инстаграммды ашуға қорқам. Себебі жаман аурумен ауырғандар күннен-күнге өршіп жатыр. Ең қиыны, сол науқастардың ішіндегі дәрігерлердің болуы. Жұмысқа барып індетке шалынуы…

Осындай кезде дәрігер фельдшерлерді марапаттау – мыңдаған жандарға стимул болар еді. Осы тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мына індетке байланысты алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жалақысын көтерді. Ура!!! Браво!!!

Президент Мырза! әділдік аз уақытқа болса да орнады. Менің ендігі тілегім, ойым – осындай жалақыны Қазақстандағы барлық дәрігерлерге, фельдшер, медбикелерге берсе, нұр үстіне нұр болары хақ… Әрі дәл осылай мардымды деңгейде қалса екен деймін… Менің білетінім, әлемде ең үлкен жалақы алатын мамандардың қатарына дәрігерлер мен юристер жатады. Олардың шайлығы – біздің дәрігерлеріміздің айлығындай. Жарайды, кеңес кезін айтпай-ақ қояйын, соңғы 30 жылда біздің елде ең көп оқыған мамандық – заңгерлер мен экономистер екен. Мемлекеттік, жекеменшік жоғарғы оқу орындарында гранттардың көбісі осы салаға жұмсалды. Ал содан білім алып, дүрілдеп шыққан кім бар? Қай заңгерді ел біледі? Қай экономист әлемге, қала берді, Қазақстанға қандай жаңалық ашты? Егер статистикаға қарасаңыз, әр дәрігерге 5-6 заңгерден, болмаса экономистен келеді. Бұл қызық аздай, бір кездері медициналық оқу орындарында балаларды емдейтін Педиатрия бөлімін жауып тастады.

Кім жапты? Неге жапты? Одан кім, не ұтты? Білмеймін… Білетінім, академик ағамыз Камал Ормантаев жылап жүріп сол мамандықты қайта аштырғаны. Ертеңін ойламаған бұл сол кездегі денсаулық министрінің, оның қасындағы жандайшап пысықайлардың кеселі, кесірі… Әлгіндегі жалақы жайлы… «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп Абай айтпақшы, бір саланы айта кетейін. Ол – спорт. Елдегі легионер-спортсмендердің жалақысын көргенде жылағың келеді. Мысалы, кезінде «Қайратқа» келген Андрей Аршавиннің жалақысы бір жылда 1,5-2 миллион доллар болса, Жерар Гоудың гонорары 2 миллион еуродан төмен түспеді. Ал хоккей ше? Олардың бір айлық жалақысы 60 мың еуродан 100 мың еуроға жетіп, бір жылда 1,300 000 еуродан 1,800 000 еуроға дейін жетеді. «Астана» велоспортын айтпай-ақ қояйын. Бұған не дейсіз? Аршавин, Жерар Гоу 1-2 жыл доп тепті… Ақша алды да кетті… Қайран қазағым-ай! Осыншама қыруар ақшаны неге біз медицинаға бөлмедік? Иә, әрқайсысы әртүрлі сала…

Ақылға салғым келсе де, шыдай алар емеспін. Өйткені қалай болған күнде де ол қаржы мемлекеттің бюджетінен, яғни біздің қалтамыздан түскен ақша емес пе? Осыны түсінетін кім бар? Кімге барып жылайын? Бұл тек спорт қана емес, кинофестиваль де сол. «Біздің фестивальге пәлен жұлдыз келді» деп сонау Голливудтан, не Еуропадан 1-2 күнге келетін жұлдыздардың гонорары түске кіреді. Анам жарықтық «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» дейтін. Міне бізде сол күйге түстік. Бізде маска-бетперде, инфекцияға арналған арнайы костюмдер тігетін фабрика жоқ екен. ИВЛды айтпай-ақ қоялық. Қазір қайда қарасаң да «ілдәлдалап» отырған ел. «Жыртық үйге – тамшы жау» дегендей, мұнайдың да мәселесі қиындап кетті. Әсіресе, қазіргі соққы бізге қатты батты. Алдыңғы шептегі – осы індетпен күресіп жүрген жандар жанұшыра айқайлаған үндері бірде жетсе, бірде жетпейді. Түсінем де, қынжылам…

Талғат ТЕМЕНОВ,

кинорежиссер, қоғам қайраткері

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×