Таңат НӨСЕРБАЕВ: «Сүрініп кетпе, сүрініп кетсең болғаны…»

05.01.2011, 20:02
Таңат НӨСЕРБАЕВ: «Сүрініп кетпе, сүрініп кетсең болғаны…»
Осыдан екі жыл бұрын футболдан Қазақстанның жастар құрамасына ілініп, Польша мен Испанияға 3 гол соққаннан кейін, Қазақ футболында Таңат Нөсербаев деген жігіттің жұлдызы жарқырап қоя берді. Кейіннен ұлттық құрама сапында «Уэмбли» стадионында Англияға қарсы ойында қақпаны күзеткен Джеймске бірнеше рет соққы жасауымен ол өз беделін одан әрмен арттыра түсті. Бірақ, биылғы премьер-лигада Таңаттың аты тіптен аталмады да. «Қазір Нөсербаев қайда жүр, немен айналысып жатыр?» – дегендей жанкүйерлерді қызықтырған сауалдармен футболшыға қоңырау шалдық.

– Іздеп, хал-жағдайымды сұрағандарыңызға рахмет! – Таңат, өзіңді 2010 жылы футбол алаңынан көре алмадық. Қазір қайда, немен айналысып жүрсің? – Жыл басында алған жарақатымнан толық жазыла қойған жоқпын. Омыртқа ауруы пәле екен. Осы аурудың кесірінен биылғы футбол маусымынан тыс қалдым. Енді-енді жеке жаттығулар жасап, жүгіріп жүрмін. – Ем-домың қанша уақытқа созылады? – Құдай қаласа, келесі маусымға дейін уақыт бар ғой. Көп кешікпей бұрынғы қал-пыма келетін шығармын деп үміттенемін. – Жеке жаттығу дегеніңді қалай түсінуге болады? – Мен енді «Ордабасы» командасының ойыншысы емеспін. Олармен түпкілікті қоштасқанмын. Қазір боспын. – Жалақыңды толық бермей жатыр деп естіп едік. Сол рас болғаны ғой? – Амал қанша, солай болды. – Не болғанын толығырақ айтып бермейсің бе? – Оның айтатын несі бар… «Ордабасы» басшылары маусым-шілде айларында келісімшарттағы көрсетілген соманың тек 10 пайызын ғана берді. Алғашында түсінбей, мүмкін командада қаражат жағынан қиындық туып жатқан шығар деп ойлағанмын. Жігіттерден сұрасам, олар айлығын толық алыпты. Тамыз айында маған тиесілі қаражатты аударатын шығар деп едім, бірақ сол сценарий қайта қайталанды. Бұл мәселеге қатысты клуб басшыларына барсам, олардан қанағаттанарлықтай жауап ала алмадым. – Олар не дейді, сонда? – Мен олардың ойынша өтірік ауырып, «тегін» ақша алып отырған көрінемін. Маған ондай «симуляцияның» қажеті не? Жыл басында «Ордабасы» биыл кубокты иеленеміз деп жоспар құрған. Ал құрама «Еуро-2012» іріктеу ойынын бастады. Денсаулығым жарап тұрса, неге атойлап алаңға шықпасқа?! Бірақ, дәрігерлер: «Егер дәрінің күшімен шығатын болсаң, онда келесі жылы футболмен түпкілікті қоштасасың», деп кесіп айтты. Оның үстіне, мен жарақатымды сыртта емес, ойын кезінде алдым ғой… Осылардың барлығын басшылар ескермеді.

– Бұл жағдайды басшылыққа тағы бір мәрте түсіндіруге тырысып көрмедің бе? – Клуб президентіне қайта кіргенімде, ол ашық түрде: «Алаңға шық, гол сал! Сонда ғана ақша болады. Ал емделетін болсаң, онда жазылғаннан кейін келерсің. Оған дейін енді саған көк тиын да ұстатпаймыз», деді. Міне, осыдан кейін олармен қалай жұмыс жасамақпын? «Сүрініп кетпе, сүрініп кетсең болғаны», деп Мұқағали ақын айтқандай, сүрініп кетсең қиын жағдайға тап болады екенсің… – Енді келер жылы сені қай команданың құрамынан көре аламыз? – Алдымен толық ем-дом қабылдап алайын. Сосын ұсыныстар түсіп жатса, қарастырармын. – Емді қайда қабылдадың? – Шымкент пен Ташкенттің екі ортасында жүріп емделдім. Жеңіл емдерді Шымкентте жасаттым. Жақында Алматыға да бардым. Енді таныс кісілер Астанада жақсы емханалар бар деп кеңес беріп отыр. Құдай қаласа, Астанаға да барып қайтармын. – Ала допты сағынған боларсың? – Сағынғанда қандай! Тіпті, доп теуіп жүргенімді түсімде көремін (күліп). – Былтыр саған «құда түскен» швейцариялық «Янг Бойз» қазіргі таңда Еуропа лигасында атой салып жүр. Сол командада қалмағаныңа өкінбейсің бе? – Ашығын айтқанда, өкінемін. Бірақ, «Янг Бойз» маған орташа жалақы бере алмады. Себебі, шабуылшы Кейду Дунга ресейлік ЦСКА командасына кетеді деп күтілген екен. Бұл жоспар іске аспай қалды. Оның үстіне, ол жақта шетелден келген ойыншылар жалақысының 50 пайызын салыққа береді екен. Тағы бір кедергі, «Ордабасы» басшылары маған 1 миллион доллар үстемақы төлеулерін сұрады. – Таңат, әңгімеңе рахмет! Тезірек айығып, алаңға оралуыңа тілектеспіз. – Рахмет!

Әңгімелескен Алмас МАНАП

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×