Тараз футболының бұрынғы даңқын сербиялық жаттықтырушы Любко Петрович қайтара ала ма?

26.03.2012, 20:04
Тараз футболының бұрынғы даңқын сербиялық жаттықтырушы Любко Петрович қайтара ала ма?
Биыл жасыл алаңда тараздық футболшылар жаңарған құрамда өнер көрсетпек. 2012 жылы өңіріміздің намысын қорғайтын спортшылардың есімі облыс орталығындағы «Жастар стадионында» өткен жиында ресми түрде таныстырылды . Команданың тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Ел чемпионатының маусымашар ойынын сырт алаңда жеңіспен бастаған «Тараз» командасын енді сербиялық Любомир Петрович жаттықтыратыны белгілі. Бұл – клубтағы алғашқы жаңалық емес. Биыл клубта бас жаттықтырушымен қатар, басшы да ауысты. Жиында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбеков футболшыларға «Тараз» футбол клубының жаңа президенті Әлімбек Жұмабаевты таныстырды. «Тараздың»алғашқы турлардағы жеңістерімен құттықтап, осы қарқыннан таймауын тілеген облыс әкімі Қ.Бозымбаев «Тараз» футбол командасының тарихына тоқталып, тоқсаныншы жылдардағы ел чемпионатында «алтын» жүлде алғанын атап өтті. Бірақ, кейінгі жылдарда клубты қаржыландыру мәселесі оңтайлы болмағандықтан, жамбылдық футболшылардың ойындары нәтижесіз болып келгенін де жасырған жоқ. Соңғы екі жылда облыс экономикасы өсті. Облысымыз 2011 жылы бірқатар көрсеткіштер бойынша республикада алға шықты. Нақты белгіленген жоспарларды жүзеге асыру арқылы өңіріміздің даму көрсеткіштерін 2015 жылға қарай Орталық Қазақстан аймағындағы облыстармен теңестіруді мақсат етіп отырмыз. Сол кезде «Тараз» командасы да алдыңғы үштіктің қатарына енеді деп сенемін. Бұл үшін қазірден бастап барлық жағдай жасалуда. УЕФА талабына сай биыл Тараздағы орталық стадионның 5 секторы шатырмен жабылады, «Локомотив» және осы «Жастар стадионы» кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілетін болады. Егер сіздер жақсы нәтиже көрсетсеңіздер, жастардың футболға деген қызығушылықтары артып, әр жыл сайын ашып жатқан футбол алаңдары жас спортшыларға толар еді. Міне, сонда Елбасымыздың: «Тұрғындардың кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы тиіс» деген тапсырмасы орындалады, – деді Қанат Алдабергенұлы. Жалпы, 50 жылдан астам тарихы бар «Тараз» футбол клубы – Қазақстан Премьер Лигасында ойнайтын команда. Cонау алпысыншы жылдардың басында «Металлист», одан кейін «Восход», «Энергетик», «Алатау», «Химик» (1975-1991 жылдары), «Фосфор» (1991-1993 жылдары) деген атпен белгілі болған.  Клуб қазіргі атауын 1993 жылдың шілдесінен бастап иеленген-ді. [caption id="attachment_10865" align="alignright" width="250" caption="Әлімбек ЖҰМАБАЕВ, клубтың жаңа президенті"][/caption]

Өңір спортының тарихында із қалдырған Сейілда Байшақов, Олег Литвиненко, Нұркен Мазбаев, Ерлан Елеусізов, Нұрмат Мырзабаев, Азамат Ниязымбетов сынды саңлақтардың есімі футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерге жақсы таныс. Осындай футболшылар шыққан клубтың 10-15 жыл бұрынғы қарқыны да ерекше болатын. Жүлде қоржыны да қомақты еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында Тараз футболының тасы өрге домалап, алтын жүлдеге қол жеткізген-ді.

Тоқсаныншы жылдары Тараз футболына табыс әкелген бапкер Ваид Талгаев команданы қайтадан жетістіктер жолына бастай алмады. Өткен жылы чемпионат қорытындысы бойынша «Тараз» командасы тоғызыншы орынға тұрақтады. Бүгінде клуб басшылығы қайткен күнде елу жылдан астам тарихы бар клубтың бұрынғы атағын қайтару үшін түрлі шараларды қолданып бағуда. Биыл әр ойында жеңіске жетуді мақсат тұтқан клуб басшылығы бас жаттықтырушы қызметіне Любомир Петровичті тағайындады. Көпшілікке Любко есімімен таныс сербиялық маман бұған дейін 20-ға жуық клуб пен құрама командаларды басқарыпты. Олардың ішінде ПАОК, «Эспаньол», «Олимпиакос», «Осиек», «Войводина», «Кроация», «Левски», сонымен қатар, Югославияның жас және жасөспірімдер футбол командалары бар. Оның жаттықтырушылық жеңісі ретінде сербиялық «Црвена Звезда» командасының 1991 жылы Еуропа бас клуб және «Левски» командасының  2001 жылы Болгария чемпионаттарындағы жетістіктерін, «Литекстің» 2004 жылы Болгария кубогын иеленгенін атап өтуге болады. [caption id="attachment_10866" align="alignleft" width="250" caption=""Тараз" ойыншылары алаңға осындай жаңа формада шығады"][/caption] Жаңа жаттықтырушы келгеннен кейін команда құрамының да өзгеруі заңдылық. Кешегі тұсаукесер жиынында клубтың вице-президенті Талғат Әбсаматов таныстырған  команда құрамы мынадай. Команда капитаны Нұртас Кургулин бастаған «Тараз» командасының қақпасын Азат Битабаров, Андрей Цветков және Сенедин Оштракович  қорғамақ. Қорғаныс шебінде Мақсат Әмірханов, Александр Кучма, сербиялық легионер Ерсин Мехмедович, сонымен қатар, Мадияр Мүмінов, Елдос Ахметов, Андрей Шабаев ойнайды. Орта шепте өнер көрсететіндер, яғни, жартылай қорғаушылар – Эдуард Сергиенко, Шерхан Бауыржан, Бауыржан Исламхан, Бауыржан Байтана, Вячеслав Соболев, Ардақ Қарпық, сенегалдық Абдула Диакате, хорватиялық легионер Невен Вукман. Ал, Мұрат Сүюмағанбетов, Ерзат Кенбаев және үш сербиялық легионер Небойша Претениак, Иван Перич, Мирослав Лечич шабуыл шебінде «ойқастамақ». Бір айта кететіні, аты аталғандардың ішінде 5 ойыншы қосалқы құрамнан негізгі командаға ауыстырылған. Жаңа маусымда бас бапкер Нұрмат Мирзабаев, Азамат Ниязымбетов және сербиялық Милорад Митрович, Мирослав Радонович, Милош Крушич есімді жаттықтырушылармен бірге шабуыл шебін күшейту арқылы әрбір ойында командаға жеңіс әкелуді көздеуде. Любко Петрович: «Қазақстанда облыс әкімі тарапынан үлкен жағдай жасалып отырған клубтың бірі осы «Тараз». Басшылардың қолдауына ие клуб енді тек, сенімді ақтауға ұмтылуы тиіс», – дейді. Ардақ Үсейінова, Жамбыл облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×