Оңтүстік ұжымның бас бапкері Азиз Анарметов SD Family клубына қарсы ойында қызыл қағазбен жазаланды.
Бірінші лиганың SD Family - “Тараз” кездесуінің 85-минутында оңтүстік ұжымның команда капитаны Алматы ұжымының ойыншысы Тимур Қуантаевпен қақтығысты. Аталған эпизодта ойынның бас төрешісі 11 нөмірдегі футболшыға өрескел ойнағаны үшін қызыл қағаз көрсетуі керек болған. Алайда рефери тек ескерту жасап, “Тараз” бапкерінің ашу-ызасын тудырды. Шешімге келіспеген жаттықтырушы Азиз Анарметов қарсылық білдіру мақсатында алаңға су құтысын лақтырды. Ал оны байқаған бас төреші “Тараз” бапкеріне бірден қызыл қағаз көрсетіп алаңнан қуды. Бірақ соған қарамастан, көк-ақтар 0:2 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Айта кетейік, бүгінгі кездесуде қызыл қағаз алған бапкер Азиз Анарметов “Тараз” - “Хан-Тәңірі” кездесуін трибунадан тамашалайтын болады. Аталған матч 22 тамыз күні Тараздың Орталық стадионында өтеді.
SD Family - “Тараз” кездесуінен кейін жамбылдық ұжым Бірінші лиганың турнир кестесінде 18-турдан кейін 19 ұпаймен 11 орыннан 9 орынға көтерілді.