Футболдан әр ел өз спортшыларымен мақтанады. Әсіресе, Еуропадағы футбол мектептерінің теңдессіз екенін қазір жасыл алаңда ойнап жүрген үздік футболшылар дәлелдей түсуде. Сол футболшылардың көпшілігі шағын ауылдардан, қалалардан шыққан. Кейін сол елдегі үздік футбол академияларына шақырту алып, шеберлігін шыңдап, үлкен футболға қадам басқан.
Жасыратыны жоқ, бір елде жас, талантты футболшының аты шыға бастаса әлемнің үздік клубтары сөзсіз оған назар аударады. Егер алаңдағы шеберлігіне көзі жетсе, бірден өз қатарларына қосып алуға дайын тұрады. Бұл да болса талантты жастарға барлық жағынан өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар екенінің дәлелі. Сондықтан әр елдің, әр клубтың басшылығы бірінші кезекте балалар футболының дамуына ерекше ден қояды. Өйткені болашақ – сол жас жеткіншектерде.
Әулиеата өңірі - дарындар мекені
«Қазақстанда футболдан қай өңірдің түлектері мықты?» десе, бірден Жамбыл облысы еске түседі. Бұл өңірден шыққан футболшыларға да ел клубтарынан сұраныс жоғары. «Тараз – таланттар мекені, Қарағанды – үздік футболшылардың ұстаханасы, Шымкент – ала доп шеберлерінің шаһары» деген теңеу де кейінгі кезде көп айтылып жүр. Ал әлемдегі үздік академиялардың қатарына жататын спорттық мектебі, спорттық базасы бар «Қайрат» әлі күнге дейін өзге өңірдің футболшыларына көп сенім артады. Елімізде талантты жас футболшыны көрсе, бірден қанатының астына алады. Ал академиядан шығып жатқан жергілікті футболшыларды көп ести бермейміз. Осы мәселелер жөнінде белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің де өз айтары бар.
– Расымен, Тараз – таланттар мекені. Сонау Кеңес Одағы кезінде осы өңірден футболшылар көптеп шыққан. Өйткені бұл өлкеде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бар. Одан бөлек, инфрақұрылым бойынша Жамбыл облысы Қазақстанның футбол картасында нөмірі бірінші тұр. Кішігірім алаңдарды айтпағанда, футбол ойнауға лайық 800-ге жуық стадионы бар. Жамбыл жерінен шыққан Ваит Талгаев, Владимир Никитенко, Дмитрий Огай және тағы басқалары футболшының барлығы кезінде Ресейде ойнаған. Футболдан тұңғыш Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко да Жамбыл облысының түлегі. КСРО құрама командасында Сейділда Байшақовпен бірге өнер көрсеткен. Вахид Масудовтың өзін бүкіл Кеңес Одағы біледі. Сонымен қатар Нұркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов, Ерлан Елеусінов, Нұрмат Мырзабаев, Олег Литвиненко, Мұрат Тілешовтер де осы өңірдің үздіктері. Кейінгі кезде Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер де жарқылдап шықты. Бауыржан Байтана, Еркебұлан Сейдахмет, қазір ЦСКА-да жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бақтиер Зайнутдинов, қақпашы Мұхаметжан Сейсен де Тараз топырағынан. Кейінгі уақытта жамбылдық Абылайхан Жұмабаев, Дінмұхамед Қараман секілді жас футболшылар да көп мақтау естіп жүр. Мұның өзі Жамбыл облысының футболға ерекше ден қойып отырғанын көрсетеді. Ал Алматыдағы «Қайрат» академиясына келер болсақ, оның салынғанына да көп бола қоймады. Енді ғана аяққа тұрып жатыр. Алдағы он жылдан кейін өз нәтижесін бере бастайды деп ойлаймын. Мұндай жұмыс кемі 5-10 жыл уақытты қажет етеді, – дейді ол.
Дарындар даладан-ақ шығып жүр
Иә, расымен де, «Қайраттың» келешекте бұл қатарда алдыңғы шепте жүреріне күмән келтірмейміз. Үздік база, үздік инфрақұрылым, бір сөзбен айтқанда футбол ойнау үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Дегенмен «Қайраттай» алып академиясы жоқ Жамбыл облысы бүгінде талантты футболшылар тәрбиелеп шығаратын өңірлердің көшін бастап келеді. Одан бөлек, Қарағанды, Шымкент, Семей өңірлері де елге есімі таныс аяқдоп шеберлерін қатарға қосты. Бірақ, өкінішке қарай Семей футболы қазір қиын жағдайды бастан кешуде. Кезінде бұл аймақтан Самат Смақов, Андрей Карпович, Андрей Богомолов, Қайрат Әубәкіров секілді футболшылар түлеп ұшқанын жанкүйерлер ұмыта қоймады. Сонымен қатар Ақтөбені де «футбол үшін жаралған қала» десе болады. Бұл жақтағы жанкүйерлер өз командасына керемет қолдау көрсетеді. Стадионы да керемет. Атмосферасы мүлдем бөлек. Юрий Логвиненко, Дидар Жалмұқан, Абат Айымбетов бастаған футболшылардың ізін Әлішер Әжімов, Руслан Таңжарықов, Рүстем Темірхан, Максим Самородов секілді ізбасарлары басуда. Келешекте осы аймақтар «Қайрат» cекілді үлкен футбол академияларын салар болса, қазақ футболын әлемге танытатын үздік футболшылар да көптен шығары сөзсіз. Бұл туралы спорт сарапшысы Жандос Байділдә айтып берді.
– Әрине, қазір футболдағы таланттар дегенде есімізге «Тараз» футбол клубының түлектері түседі. Зайнутдинов қазір мәскеулік ЦСКА-да қалай жарқырап жүр, оны бәрі біледі. Исламхан да футболдан уақытша шеттетілгенге дейін біраз көсілді, «Қайраттың» жүрегі болды. Тіпті, Аршавин оның потенциалын Мхитарияннан кем емес деп бағалады. Еркебұлан Сейдахметті «қазақтың Мессиі» деп біраз айттық. Ол да нағыз талант, бірақ әзірге көптің үмітін ақтай алмай жүр. Елдос Ахметовті алсақ болады, көптен бері ұлттық құраманың намысын қорғап келеді. Қараман, Нұралы деген жігіттер бар. Тіпті, «Тараз» клубы биыл жергілікті ойыншыларға сенім артып отыр. Қарағандыдан да бір кездері мықты ойыншылар шықты. Бірақ соңғы уақытта Роман Мұртазаев, Тоқтар Жаңғылышбай сияқтылардан кейін мықты ойыншылар шыққан жоқ. Шымкенттен де жақсы ойыншылар шықты. Еркебұлан Тұңғышбаев, Аслудин Хаджиевтер соған куә. Ал «Қайраттың» академиясын алсақ, ол жерде бәсеке өте жоғары. Олар елдегі ең талантты ойыншыларға көз салады, тіпті әлемнің басқа елдерінен де мықты ойыншыларды шақырады. Оған қаржылай да, инфрақұрылым бойынша да қолдау бар. «Қайраттың» базасы – әлемдегі озық инфрақұрылымның бірі. «Футболшылар ұстаханасы» саналатын «Аякс» клубы да басқа клубтардан алады, бұл – футболдағы қалыпты құбылыс. Бізге шетелден легионерлер алдырғанша, футбол академияларын салып, балалар футболына ерекше ден қойған жөн, – дейді Ж.Байділдә.
Академия әлі жемісін берген жоқ
Шынында да, Қазақстанда әзірге бір ғана үздік футбол академиясы бар. Ол – «Қайрат» академиясы. Қалған қалаларда футбол ойнауға мұншалықты керемет жағдай жасалмаған. Ал әлемнің үздік футбол академиялары десе, есімізге бірінші кезекте «Бенфика», «Порту», «Спортинг», «Барселона», «Динама Загреб» секілді клубтардың академиялары түседі. «Барселонадағы» футбол ойнайтын балалардың арманы – Каталониядағы академияға оқуға түсу. Себебі бұл мектептен Хави, Иньеста, Фабрегас, Пуйоль сынды аты аңызға айналған футболшылар түлеп ұшқан. Әлемнің қазіргі ең үздік футболшысы Месси де осы академияның түлегі. Әлем таныған көптеген мықты футболшы «Аякс» академиясынан да шыққан. Бразилияның «Сантос» футбол академиясы да жас таланттардың ордасы. Футбол патшасы Пеле осы жерде тәлім алды. Танымал футболшы Неймар да «Сантостың» сапында жүріп танылды. Ал «Спортинг» академиясында жүріп Роналду, Фигу, Куарежма, Нани, Моутинью сынды ойыншылар доп тебудің қыр-сырын үйренді. Сол себепті әлі күнге дейін көптеген команда аталған академиялардың ойыншыларына көз тігеді. Бізге де осындай деңгейге көтерілу үшін футбол академиясының санын арттырған жөн. Бұл ретте тек алматылық клубтың еңбегін бас бармақпен бағалай аламыз. Футболымызды жемсауы толмас жемқорлықтан, тамырына балта бойламас таныстықтан, пәрмені күшті парақорлықтан арашалсақ, ала допты алға бастырар тума таланттарымыз әлі-ақ жарқ етеді.
Абылайхан Жұмаш
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET