«Тараз» жеңісінің құпиясы неде?

03.04.2012, 04:14
«Тараз» жеңісінің құпиясы неде?

Қарап тұрсақ, жергілікті ойыншылардың көбі былтыр да командада өнер көрсеткен. Абдуллай Диакатенің де ойынын былтыр көріп, бағамызды сол кезде беріп қойғанбыз. Сол сияқты Иван Перич те бұрын Қазақстанның өзге клубтарында ойнаған. Тәжірибесі мен біліктілігіне дауымыз жоқ, бірақ бізде де ол секілді ойыншылар жетерлік. Басқа легионерлерінің өз футболшыларымыздан асып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Оны өз көзімізбен көрдік. Сонда «Тараз» жеңістерінің сыры неде?

«Тараз» шынымен де таңғалдыруда. Премьер-лиганың төртінші турында еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбені» қабылдаған тараздықтар соңғы минуттарда жеңіс голын соғып кетті. Сөйтіп, Любко Петрович шәкірттері Премьер-лигада жеке-дара көш бастады. Ал бұған дейін ұпайы түгел болған Керекудің «Ертісі» күтпеген жерден өз жерінде «Атыраумен» тең түсіп қалды. «Тараз» жеңістерінің құпиясы неде? Қарап тұрсақ, жергілікті ойыншылардың көбі былтыр да командада өнер көрсеткен. Абдуллай Диакатенің де ойынын былтыр көріп, бағамызды сол кезде беріп қойғанбыз. Сол сияқты Иван Перич те бұрын Қазақстанның өзге клубтарында ойнаған. Тәжірибесі мен біліктілігіне дауымыз жоқ, бірақ бізде де ол секілді ойыншылар жетерлік. Басқа легионерлерінің өз футболшыларымыздан асып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Оны өз көзімізбен көрдік. Сонда «Тараз» жеңістерінің сыры неде? Бар мәселе бас бапкердің біліктілігінде жатқан секілді. Любко Петрович келгелі киелі қала командасының ойын өрнегі бірден өзгерді. Жоқ, команда жарқын, тартымды ойын үлгісін көрсетіп жүр дей алмаймыз. Бірақ, 90 минут бойы шабуылдамаса да, «Шахтер» немесе «Ертіс» пен «Тобыл» секілді бір ойында 4-5 голдан соқпаса да, ең бастысы өздеріне керек нәтижеге қол жеткізіп жүр. Алдымен елордада «Астананы» 2:0 есебімен ұтқан. Естеріңізде шығар, сол матчта негізінен қорғанумен болып, тек кездесудің соңына таман ғана екі гол соққан еді. Одан кейін қарлы алаңда «Сұңқардың» қақпасына бір гол соғып, сол есепті ұстап қалған. Қызылорда да «Қайсарды» бір гол айырмашылығымен жеңген. Енді міне, «Ақтөбенің» де қақпасынан соңғы минуттарда саңылау тапты. Иә, жоғарыда атап өткеніміздей, барлық жеңістің құпиясы — бас бапкердің біліктілігінде секілді. Мейлі, фартқа балаңыз, мейлі тағы басқа факторларды атап көрсетіңіз, бірақ бәрібір де бас бапкердің еңбегін елемеске болмайды. Оның алаңдағы ойын жүйесін қаншалықты оқи алатынына «Астанамен» болған ойында-ақ көз жеткізгенбіз. Одан кейінгі «Сұңқармен» өткен кездесуді еске түсіріңіздерші. Қалың жауған қарда шағын денелі, әрі күшке емес, техникаға иек артатын Иcламхан, Ахметов сынды сайыпқырандардың ойындары жүрмей жатқанын байқап, олардың орындарына Кенбаев, Мүмінов сынды қара күштің жігіттерін қосқаны ұтымды шыққан еді. Бүгін де Любко Петрович көрегенділігін көрсетті. Бірақ, шыны керек, алғашқысында оның ойын түсінбеген біз екінші таймның ортасында шабуылшы Иван Перичті қорғаушы Невен Вукманға алмастырғанда, бас бапкердің бұл шешіміне таңғалысымызды жасыра алмағанбыз. «Өз алаңында шабуылға иек артудың орнына қорғанысқа көңіл бөлуге тырысқаны несі?» деп кейігенбіз. Артынан, ойынның аяқталуына он минут қалып, алаңға Шерхан Бауыржанды алмастырған Ерзат Кенбаев шыққанда ғана бас бапкердің бұл жүрісінің дұрыстығына көз жеткіздік. Өйткені, екінші таймның ортасында шабуылшыны қорғаушыға алмастыру арқылы Петрович «ақтөбеліктерге» шабуылдауға мүмкіндік берген. Сөйтіп, әбден шабуылға үйреніп қалған Владимир Мұқанов шәкірттері қорғанысты мүлдем ұмытты. Сол-ақ екен, Петрович күтпеген жерден дереу арада алаңға Кенбаевты шығара қояды да, есіл-дерті шабуылдауда болып, өз қақпасын естерінен шығарған «ақтөбеліктерді» бір қарымта шабуылмен-ақ тақырға отырғызады. Жалпы, Любко Петрович білікті бапкер ғана емес, керемет психолог екенін де көрсетуде. Мәселен, лимиттегі жас ойыншыны қапталдан алаңның ең маңызды орны жартылай қорғаныстың орта тұсына қоюға екінің бірінің батылы жете бермейді. Ал ол осы орынға Исламханды қорықпай, сеніп қойып отыр. Сондай-ақ, былтыр «Қайраттың» негізгі құрамынан орын ала алмай, бар уақытын алаң сыртында өткізген Андрей Цветков та биыл керемет ойын үлгісін көрсетуде. Егер Цветковтың шеберлігі болмағанда «Ақтөбе» «Тараз» қақпасына кем дегенде үш гол соғар еді. Сонымен қатар, Петровичтің киелі қалаға келуімен Кенбаев, Диакате, Кучма, Шабаев, Сергиенко сынды футболшылардың да екінші демдері ашылғандай. Мамыр айында 65 жасқа толатын Петровичтің көргені көп, берері мол бапкер екеніне көз жеткізудеміз. Жаттықтырушылық ғұмырында Югославияның чемпионы атанған. Осы елдің кубогын екі мәрте жеңіп алған. Болгарияның да чемпиондығы мен кубогын командасына алып берген. Қытайдың да кубогын басынан асырып көтерген. Бәрін қойшы бүгінде Чемпиондар лигасы аталып жүрген доданың кубогын 1991 жылы «Црвена Звезда» клубына сыйлаған. Міне, бүгінде қазақ футболына осындай білікті мамандар қажет-ақ. Тек футболшыларға үйретері сарқылмасын дейміз. Ал «Таразды» келесі турда тағы бір сынақ күтіп тұр. Бұл жолы олар қонаққа Талдықорған қаласына барып, «Жетісумен» кездеседі. 4-турдың қорытындысы: «Тараз» - «Ақтөбе» 1:0 Гол: Лечич, 84. «Шахтер» - «Жетісу» 5:1 Голдар: Джидич, 7. Каньяс, 22. Финонченко, 40. Каньяс, 47. Каньяс, 69 – Нұрғалиев, 40. «Қайрат» - «Астана» 0:2 Голдар: Гридин, 64. Остапенко, 74. «Ақжайық» - «Сұңқар» 1:1 Голдар: Зенькович, 60-пен – Адамович, 80-пен. «Тобыл» - «Оқжетпес» 3:1 Голдар: Богданов, 32. Жұмасқалиев, 76. Куртуши, 80 – Михайлюк, 86. «Ертіс» - «Атырау» 0:0 «Ордабасы» - «Қайсар» 1:0 Гол: Карпович, 1:0. алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×