Шілденің 8 жұлдызында Премьер-Лиганың 16-турының бірнеше ойындары өтті. Бұл турда анау айтқандай ірі сенсациялар орын ала қойған жоқ. Айта кетерлік бір жәйт, бұл турда Европа Лигасының қарымта ойындарына дайыдалмақ мақсатымен «Жетісу»-«Шахтер» ойыны келесі күнге қалдырылса, «Қайсар»-«Ордабасы» ойыны белгісіз уақытқа ауыстырылды. Сонымен, тур ойындарының нәтижесі...
Қаскелендік «Сұңқар» өз алаңында ел біріншілігін керемет бастаған «Ақжайықты» тізе бүктірді. Соңғы турларда жолы болмай жүрген қонақтардың қақпасына пенальти орындаған Савенас өз командасына жеңіс сыйлады. Есеп – 1:0.
Испаниялық бапкердің келуі де көмектеспей жүрген Алматылық «Қайрат» елордалық «Астанаға» қонаққа барып, тағы да сәтсіз ойынын өткізді. Алғашқы таймда жанкүйерлер гол көре алмаса да, екінші таймда Нөсербаев алаң иелерін алға шығарды. Араға сегіз минут салып Остапенко он бір метрлік айып добын ұтымды пайдаланып, есепті еселеді. 71-минуттағы Әбдірамановтың голы «Қайратқа» тоблодағы көрсеткішті қысқартуға ғана мүмкіндік берді. Есеп – 2:1.
Соңғы турда көш басындағы орнын «Шахтерге» босатқан қостанайлық «Тобыл» біріншілік аутсайдері «Оқжетпесті» сырт алаңда сан соқтырды. Шливичтің соққан жалғыз голы қонақтар қоржынына үш ұпай сыйлады.
Ел чемпиондығына тағы бір үміткер «Ертіс» «Атырауға» қонаққа барып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Алғашты таймда Эссомбаның голы павлодарлықтарды алға шығарса, тағы бір легионер Бакаев есепті 2:0-ге дейін жеткізді.
Ел назарын аудартқан турдың орталық ойыны Ақтөбенің Орталық стадионында өтті. Биыл бет қаратпай келе жатырған «Тараз» жергілікті «Ақтөбемен» күш сынасты. Ойында Одитаның көмегімен тез гол соғып алған тараздықтар өздерін есептен шығаруға болмайтындарын ескерткендей болды. Десе де, қонақтар тыныш жатқан жыланның құйрығын басып, ақтөбеліктердің шамына тисе керек. Көп ұзатпай Кападзе есепті теңестірсе, 36-минутта Хайруллин он бір метрлік айып добын сәтті пайдаланды. Араға алты минут салып, Ковальчук есептегі басымдықты одан сайын арттыра түсті. Алғашқы таймда керекті нәтижеге қол жеткізген «Ақтөбенің» екінші таймдағы голы «Таразды» күйрей жеңілуге алып келді. Кенжесариевтің пасынан кейін допты баспен қақпаға дәл бағыттаған Логвиненко ойынға нүкте қойды. Есеп – 4:1.
Есет ТӨЛЕШ