Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы соңғы екі ойынға қамдана бастады.
Негізі, Бельгия және Австрия құрамаларымен болатын Еурододадағы соңғы екі матчқа дейін ел чемпионатының екі туры бар. Осы сенбіде екі алтылықтағы екінші айналымның ойындары басталады. Бұл – биылғы маусымдағы жиырма сегізінші турдың ойындары. Ал 30 қыркүйекте жиырма тоғызыншы тур өтеді. Тек осыдан кейін ғана құрама сапына шақырту алған футболшылар ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беранектің қол астына жиналады. Жаттығу жиыны қазанның 1-інен басталады. Десек те, Қазақстан футбол федерациясы осы жиынға шақыртылған футболшылардың тізімін кеше жариялады.
Құрама сапында көп өзгеріс жоқ. Жарақатынан айыққан Андрей Карпович қайта шақыртылған. Өткен жолғы екі ойынға келмей қалған Казбек Гетериев те тізімде жүр. Жаңадан қосылған деп, тек тараздық Дмитрий Евстигнеевті айтуға болады. Дәуренбек Тәжімбетов бұған дейін де шақыртылып, құрама сапындағы жігіттермен бірге жаттыққан. Бұл жолы алдағы екі турда біреу-міреу жарақаттанып қалса (оның бетін аулақ қылсын, бірақ), солардың орындарына шақыртылатын футболшылар тізімі қоса жарияланған. Сол тізімде кейінгі кезде ұлттық құрама жейдесін кимей жүрген жігіттердің біразы бар. Көзге бірден ұрынары, бұл жолы қақпашы Александр Мокин қосалқы құрам тізімінде екен. Шындығын айту керек, бізде қақпашы мәселесі әлі шешілмей тұр. Дәл қазір ең осал тұсымыз да – осы. Қақпашыны жиі ауыстырамыз. Жыл басынан бері Қазақстан құрамасы алты ресми ойын өткізді. Оның екеуі жолдастық кездесу де, төртеуі – 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі шеңберіндегі матчтар. Осы алты кездесуде 12 гол жіберіппіз. Осы алты кездесуде біздің құраманың қақпасын бес голкипер қорғапты. Олар – Лория, Сидельников, Нестеренко, Цирин, Мокин. Бұлардың ішінде қақпаға ең көп тұрғаны – Мокин. Ол соңғы екі ойында толық өнер көрсетті. Лория мен Нестеренко қақпамызды бір жарым матчтан «күзетті». Жыл басында Беларусь құрамасымен болған жолдастық кездесуде хас шеберлік танытып, елдің бәрін сүйсіндірген Давид Лория түздегі Германиямен болған матчта өз қақпасынан салы суға кетіп, төрт рет доп қармады. Одан кейін жарақат алып қалып, қатардан шығып қалды. Сол кезде кезек Андрей Сидельниковке тигендей еді. Бірақ ол ел чемпионаты мен Еурокубок додаларында тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүрді. Қарбалас сәттерде допқа тойтара алмай қалған кездері болды. Сондықтан келесі матчта Роман Нестеренкоға сенім артылды. Алайда Нестеренко да Әзірбайжан құрамасымен болған кездесуде өзінің ебедейсіз қимылдарымен бірнеше рет маңдайымыздан суық терді бұрқ еткізді. Содан соң Антон Циринге де мүмкіндік берілді. Ол көпшілікке ұнағанымен, ел чемпионатында топсасы берік қақпашы екендігін тұрақты түрде көрсете алмай келеді. «Ертістің» кейде оңбай ұтылатыны да бар. Соңғы екі матчта тұрақты иесі жоқ қақпамыз Мокинге сеніп тапсырылды. Мокин шапшаңдығы (реакциясы) бар екендігін көрсете білгенімен, кейбір қауіпті сәттерде қателек жіберіп қоюмен болды. Ойланатын тұстарда, асығыс қимылдап кете ме?.. Егер бар қақпашыларымыз осы бес-алтауы ғана болса (кейінгі кезде құрама сапына үздіксіз шақыртылып жүрген Логиновскийді де қосайық), онда Нестеренкоға тоқталу керек пе еді? Ол қателессе де, жолы жеңіл қақпашы сияқты. Астанада Әзірбайжанды жеңдік, Сириямен болған ойынның бірінші таймында қарсыластарымыз біздің қақпаны жақсылап бір нысанаға ала алмады. Былайша айтқанда, қақпада Нестеренко тұрғанда, біздің құрама ұтылған жоқ. Ал статистикаға жүгінсек, ел чемпионатында ең аз гол жіберген – Талдықорғанның «Жетісуы». Алайда Логиновский өз клубында қақпаны Степаненкомен кезектесіп қорғайды. Яғни бұл тұрғыда да көңілге қонымды көрсеткішімен дараланатын ешкім жоқ.7 қазан күні түзде Бельгия құрамасымен, ал 11 қазанда Астанада Австрия футболшыларымен болатын ойындарда қалай болады екен? Осы екі ойында қақпамызды кім қорғайды?
қақпашылар – Владимир Логиновский («Жетісу»), Антон Цирин («Ертіс»), Андрей Сидельников («Ақтөбе»); қорғаушылар – Қайрат Нұрдәулетов («Астана»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»), Александр Киров («Шахтер»), Нұртас Кұрғулин («Тараз»), Марк Гурман («Астана»), Дмитрий Евстигнеев («Тараз»), Михаил Рожков («Астана»); жартылай қорғаушылар – Ұлан Қонысбаев («Шахтер»), Хайнрих Шмидтгаль («Гройтер Фюрт», Германия), Жамбыл Көкеев («Шахтер»), Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Марат Шахметов («Астана»), Виталий Евстигнеев («Ордабасы»), Андрей Карпович («Астана»), Казбек Гетериев («Алания», Ресей), Марат Хайруллин («Ақтөбе»); шабуылшылар – Таңат Нөсербаев («Астана»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Сергей Гридин («Тобыл»), Сергей Хижниченко («Шахтер»), Сергей Остапенко («Жетісу»). Резерв: Александр Мокин («Шахтер»), Александр Кислицин («Тобыл»), Антон Чичулин («Ақтөбе»), Мақсат Байжанов («Шахтер»), Азат Нұрғалиев («Ордабасы»).Автор: Нұрғазы Сасаев
Біздің серіктес: FONBET