Қазақстандық немістердің ұрпағы, тәжірибелі қорғаушы Роберт Бауэр мансабындағы жаңа белесті бастады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Legalbet.kz сайтының хабарлауынша 30 жастағы футболшы Ирақтың "Мосул” клубымен ресми түрде келісімшартқа отырды.
Бауэр мен Ирактық ұжым арасындағы келісім алты айға жасалған. Ойыншының жалақысы жылына 600 мың еуро деңгейінде болмақ. Айта кетерлігі, Роберт бұған дейін мансабын Ресей чемпионатында жалғастыруды көздегенімен, ондағы клубтармен ортақ мәмілеге келе алмаған.
Роберт Бауэр — футбол әлемінде есімі таныс тұлға. Оның спорттық жолы жоғары деңгейдегі клубтармен байланысты.
Бундеслигада "Ингольштадт 04", "Вердер” және "Нюрнберг" сапында өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе жинақтаған.
Германияның 20 жасқа дейінгі құрамасында ойнап, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған.
Соңғы жылдары Бельгияның "Сент-Трюйден”, Сауд Арабиясының "Аль-Таи", Әзербайжанның "Нефтчи” және Тайландтың "Бурирам Юнайтед” клубтарында доп тепті.
Бауэрдің тағдыры біздің елмен тығыз байланысты. Ол 1995 жылы Германияда туған. Ата-анасы кезінде Астана маңында тұрған, кейіннен Поволжье арқылы Еуропаға қоныс аударған Қазақстандық немістер. Оның Германия және Қазақстан азаматтығы бар.
Осыдан үш жыл бұрын футболшы ислам дінін қабылдаған болатын. Бұл шешім оның мұсылман елдерінің (Сауд Арабиясы, енді Ирак) чемпионатына қызығушылық танытуына әсер етсе керек.
Бойы 1.83 метр болатын қорғаушы өзінің әмбебаптығымен (оң қанатта да, ортада да ойнай алады) белгілі.