Әли Әлиев "Qazsport алаңы" бағдарламасында командадағы өзгерістер, жас ойыншыларға мүмкіндік беру және жаңа кезеңнің басталуы туралы ойымен бөлісті.
Әлиевтің айтуынша, ол ұлттық құраманы тізгіндегенде өзі де таңданысын жасыра алмапты. "Ұлттық құраманы жасарту, жаңа есімдерді шақыру – кез келген бапкер үшін үлкен мәртебе.” – дейді ол. Бұл сөздерден оның жауапкершілікті терең сезінетіні байқалады.
Жаңа бапкердің ең алғашқы қадамдарының бірі – арнайы күнтізбелік жоспар құру. Оның маңызды бөлігі – оқу-жаттығу жиыны. Бұл жиынға клуб бапкерлері мен жастар құрамасының жаттықтырушылары ұсынған психологиялық тұрғыдан дайын ойыншылар шақырылған. Соның нәтижесінде ұлттық құраманың жаңа есімдері белгілі болды: Алияр Мухамед, Наурызбек Жагоров, Дінмұхамед Караман, Темірлан Анарбеков.
Бапкердің пікірінше, кез келген оқу-жаттығу жиыны тек дайындықпен шектелмеуі керек. "Әрбір жиынның бәсекелестік сипаты болуы шарт. Ол үшін міндетті түрде ойындар өткізу қажет. Тек матчтар арқылы ғана футболшының дайындық деңгейін байқай аламыз.” – дейді ол. Бұл жас ойыншыларға өзін дәлелдеудің басты алаңы болмақ.
Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы қойған барлық талаптар мен шарттарды Қазақстан футбол федерациясы орындаған. Бұл – бапкердің жұмысына сенім білдіріліп отырғанын көрсетеді. Әлиевтің айтуынша, мұндай қолдау команданы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.