Отандық сарапшы екі қақпашыны салыстырды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазақстандық футбол жанкүйерлері арасында "Қайрат” пен Ұлттық құраманың жас қақпашысы Темірлан Анарбековті Украиналық танымал голкипер, "Бенфика” сапында өнер көрсететін Анатолий Трубинмен салыстыру жиілеп кетті. Осы орайда белгілі отандық маман Алмат Бекбаев Sports24.kz басылымына берген сұхбатында екі ойыншының деңгейі мен болашағына қатысты өз ойын білдірді.
Бекбаевтың пайымдауынша, қазіргі таңда Анарбеков пен Трубинді бір қатарға қою әлі ерте. Мұның басты себебі — чемпионаттардың деңгейі.
Трубин Португалия біріншілігінде өнер көрсетеді. Мұнда талап та, бәсеке де әлдеқайда жоғары.
Ал Анарбеков Қазақстан Премьер лигасында ойнайды. Ішкі біріншіліктің қарқыны Еуропалық деңгейден төмен болғандықтан, өсу процесі де баяу жүреді.
Сарапшы екі қақпашының да заманауи үлгідегі ойыншылар екенін атап өтті. Екеуі де доппен сенімді жұмыс істейді, аяқпен ойнауға шебер, шабуылды бастауға қабілетті.
Алайда, Бекбаев Украинаның қақпашылар мектебі қазір әлемдегі ең үздіктердің бірі екенін және Трубиннің жоғары жылдамдық пен қысым жағдайында шыңдалғанын алға тартты.
Алмат Бекбаев Темірланның Еуропаға ауысуы әбден мүмкін екенін, бірақ уақыт созбау керектігін ескертті:
"Анарбековтің мүмкіндігі зор, ең бастысы — сәтті жіберіп алмау керек. Қазір оған қызығушылық бар кезде кету қажет. Бірден топ лигаларға емес, Норвегия, Венгрия немесе Румыния сияқты орта деңгейдегі Еуропалық чемпионаттардан бастаған тиімді. Егер ол жақта өзін көрсете алса, үлкен клубтардың есігі айқара ашылады.” — дейді маман.
Қорыта айтқанда, Анарбековтің әлеуеті жоғары болғанымен, Трубиннің деңгейіне жету үшін оған Еуропаның бәсекелі ортасына бейімделу қажет.