Қостанайлық ұжым жазғы трансфер кезеңінде ерекше трансферлерін жасап жатыр.
Олар 28 жастағы Бразилия тумасы Энрике Девис атты шабуылшымен келісім-шартқа келді. Бұл футболшының өмірі бір ертегідей секілді. Көп балалар секілді Бразилияның футбол мектебінде білім алған Энрике кенеттен АҚШ-қа оқуға түсуге шешім қабылдап, тіпті маркетолог мамандығын бітірген. Оқумен қатар, 3 жыл бойы студенттер лигасында да доп тепкен. Дипломын алған сәтте 2021 жылы Литва чемпионатына бет бұрып, «Бабрунгас» командасына ауысады. Ол жерде 11 ойында 14 мәрте мергендік танытқан. Өзге Литва мен Болгарияның ұжымдарында да өнер көрсеткенімен, ең жарқын сәті «Трансинвест» клубымен тығыз байланысты.
2023 жылы бұл командамен ол Литваның бірінші дивизионында чемпион атанып қана қоймай, Литва кубогын да жеңіп алды. Оның бұл жетістікке деген үлесі де ерекше болды. Бірінші дивизионда 22 гол соғып, ең үздік шабуылшы атағын жеңіп алды.
2024 жылы «Трансинвест» сапында Конференция лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынап, Чехияның «Млада Болеслав» командасына (0:3) жол берді. Ел чемпионатында да шешуші ойыншылардың бірі болғанымен, «Трансинвест» соңғы орын алып, қайтадан жоғарғы лигадан ұшып кетті. Сол сәтте клуб небәрі 35 гол соқса, соның 16-сы дәл осы Энрике Девиске тиесілі еді.
Бұл ғаламат көрсеткіш әрине өзгелерді елеусіз қалдырмады. 2025 жылдың қаңтарында Қатар чемпионатындағы «Әл-Биддаға» ауысқанымен, наурыз айында Литва чемпионы саналатын «Жальгирис» оны сатып алды. Содан бері 13 ойында 3 мәрте көзге түсті. Енді осы футболшы бір жылдың ішінде үшінші, Қазақстан чемпионатына бет бұрды. Футболшы өз өнерімен қаншалықты таңғалдырар екен?