«Тобыл» ойыншысы Тонев ел футболынан шеттетілді

06.08.2014, 23:03
«Тобыл» ойыншысы Тонев ел футболынан шеттетілді
  Қостанайдың «Тобыл» командасының македониялық қорғаушысы Никола Тоневтің осы уақытқа дейін жалған құжатпен жүргені әшкереленіп, ел футболынан өмір бойына шеттетілді. Шешімді бүгін ел футболының тәртіптік-бақылау комитеті шығарды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлап отыр. Футболмен қатар, өзге спорт түрлерінде де ел намысын қорғап жүрген шетел спортшылары жетерлік. Ал олардың жылдам арада ел азаматтығын алуы осыған дейін тілшілер тарапынан назарға ілігіп-ақ жүр. Жалған құжатпен сайран салып жүргендері де ұсталған-ды. Солардың қатарын Никола Тонев толықтырды. «Тобыл» сапында өнер көрсетіп жүрген футболшының бұл ісі анықталмас па еді. Бірақ, ол өзін өзі ұстап берді. «Facebook»-те футболшы төлқұжатының суретін салады. Николаның суреттегі құжаты бойынша, ол Қазақстан төлқұжатын 2014 жылдың 28 қаңтарында алған. Бірақ суреттегі төлқұжат ескі үлгіде болған. Бәріміз білетіндей, 2009 жылдың 5 қаңтарынан бері біздің елде электронды үлгідегі төлқұжаттар беріледі. «Тонев дауы» басталғаннан кейін Қазақстан футбол федерациясы бұл іспен айналысатын арнайы комиссия құрды. Әрі бұл комиссия жекелеген футболшылардың Қазақстан азаматтығын заңды түрде алғанын тексерумен айналысады деп жарияланды. Николаның жалған құжатпен жүргені іс барысында әшкереленіп, ҚФФ тәртіптік-бақылау комитеті бүгін өз шешімін шығарды. Шешім бойынша, жалған құжатпен жүрген македониялық қорғаушы ҚФФ аясындағы барлық жарыстардан өмір бойына шеттетіліп, 500 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ал ол ойнап келген «Тобыл» командасынан 3 ұпай алынып тасталып, 700 000 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, істі қараған комиссия отырысына Никола Тонев келмеген. Ал қостанайлық клубтың өкілдері дәл қазір легионерді команда сапында жоқ екендігін хабарлап отыр. Тәртіптік-бақылау комитеті бүгін Никола Тонев ісінен өзге премьер-лига мен бірінші лига ойындарындағы кей тәртіпсіздіктерді де сынға алып, командалар мен жеке тұлғаларға ескертулер мен айыппұлдар салды. Дайындаған: Өмірбек Сансызбай massaget.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×