«GOAL.KZ» телеграм-арнасы қостанайлық «Тобыл» мен оның жаңа футболшысы Энрико Девенске қатысты қате ақпарат таратыпты.
Шамасы, арна «transfermarkt» порталындағы мәліметтерге сүйеніп қалған секілді. Онда бразилиялықтың бағасы 130 мың еуро деп көрсетілген (80 млн теңге). Бірақ, біз «Тобыл» жаңа ойыншы үшін соқыр тиын да берген жоқ дейміз! Қостанайлық команда футболшымен өзара келісіп, трансферді тегін жүзеге асырған. Жалпы, ҚПЛ-де өзі футболшы сатып алатын санаулы ғана команда бар – «Астана», «Қайрат». Иә, бұған тағы «Ақтөбені» де жатқызуға болатын шығар. Сонымен болды. Басқалары өздеріңіз білетіндей, әкімдіктің аузын бағып, қабағын аңдумен әуре. Ал «Тобылдікі» тәп-тәуір трансфер деуге әбден болады. Энрико Девенске соңғы кезде сәл сәттілік серік болмай жүргендей, әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын ғана Литвадағы барлық титулды еншілеген (Трансинвест клубымен Литва чемпионатын, Кубогін ұтқан). Иә, соңғы жарты жылда «Жальгиристе» жолы болмапты. Ол жаңа ұжымы еді ғой. Одан кейін вильнюстік клуб өз елінің доминанты және онда біраз бәсекелестіктің барын ұмытпау керек. Тағы біраз жүре тұрса, Девенстің бой үйретері анық еді. Бірақ, оған қостанайлықтар жол бермей, шабуылшыны өзінің қатарына қосуды ұйғарды. Өте сәтті селекция. Жалпы, «Тобыл» осы трансфер арқылы чемпиондық таласқа деген ниетін анық аңғартып отыр. Қостанайлықтар үшін екінші айналымда аса маңызды матчтар бар және соның қарсаңында біраз күшейді деп айтуға болады. Бразилиялық футболшы команданың алдыңғы шебінде ойнайтын Сигневич пен Әл-Мессаудиге біраз бәсекелестік көрсетуі тиіс.