"Тобыл" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде хорватиялық "Хайдук" клубын еш қиындықсыз жеңді. Матч Қостанайдағы Орталық стадионда өтіп, 4:1 есебімен аяқталды.
Қос команда бірінші таймда гол соға алмады. Ал екінші тайм бастала салысымен алаң иелері шабуылды үдетті. Осындай шабуылдардың бірінде Душан Йованчич айып алаңының сыртынан соққы бағыттаған еді. Доп қорғаушылардың біріне тиіп, қақпа торында тулады. "Тобыл" мұнымен тоқтап қалмады. 61-минутта Зоран Тошичтің керемет пасынан кейін Игорь Сергеев есепті еселеді. Алты минуттан кейін дәл осы өзбекстандық шабуылшы Серікжан Мужиковтың сол қапталдан асырған пасын қақпаға дәл бағыттап, командасының үшінші голын соқты.
Бір минут өткеннен кейін Александр Марочкин өз айып алаңында ойын ережесін бұзды. "Хайдуктің" жартылай қорғаушысы Кровиновичтің он бір метрлік айып добынан жасаған соққысын Александр Мокин қайтара білді. Матч аяқталды ма деп едік, 94-минутта Эмир Сахити "Тобыл" қақпасының маңындағы қарбаласты сәтті пайдаланып есепті қысқартты.
Қос матчтың қорытындысы бойынша, есеп 3:3 болғандықтан, матч экстра-таймға ұласты. 118-минутта Асхат Тағыберген алыстан тамаша соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады.
Александр Москаленко шәкірттері үшінші айналымда словакиялық "Жилина" командасымен кездеседі. Алғашқы матч 5 тамыз күні өтеді, ал жауапты матч 12 тамызға жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET