"Тобыл" сүрінді

20.07.2011, 17:50
"Тобыл" сүрінді
Кеше қостанайлық "Тобыл" өз алаңында словакиялық "Слован" командасын қабылдады. Чемпиондар Лигасында алғаш рет бақ сынаған жерлесеріміз білікті де тәжірибелі қарсыластарынан айласын асыра алмады. Естеріңізге сала кетсек, Словакияда "Слован " "Тобылды" бір ойыншысы аз бола тұра 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал бұл ойында "Слованды" тас-талқан етіп жеңуге тиіс "Тобылдан" жанкүйерлері таңғажайыпты күткен-ді. Ә дегеннен шабуылға кеткен қостанайлықтар бірінші болып есеп аша алмады. Ойынның 16-минутында-ақ "словандық" Кладрубски алыстан соққы бағыттап, Петухов қорғаған қақпаны дәл тапты. Енді төрт бірдей гол соғуға міндетті "Тобылдың" жағдайы қиындай түсті. Керек нәтижеге қол жеткізген "Слован" енді асықпады. Қанша тырысқанымен "Тобыл" да бірінші таймда Путноцки күзеткен қақпадан саңлау таба алмады. Үзілістен кейін қостанайлықтар шабуылға бет бұрды. Гридин, Зебелян, Джолчиев әлсін-әлсін қақпаға соққы бағыттап тұрды. Ал 62-минутта бұрыштан көтерілген допты Штепановски өз қақпасына салып алып, "Тобылдың" жағдайын біраз түзетті. Соңғы минутқа дейін шабуылдаған "Тобыл" есепті өзгерте алмады. Осылайша бұл қос команда арасындағы екінші ойын тең аяқталып, келесі сынға "Слован" өтті. Қазақстан Еврокубоктерде бірінші командасынан қол үзіп отыр. Енді ертен "Шахтер", "Ертіс", "Ақтөбе" Европа Лигасындағы қарымта ойындарын өткізеді. Сайыстағы саңлақтарымызға сәттілік!

Есет Төлеш.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×