«Ақтөбе» орындай алмаған миссияны «Тобыл» орындай ала ма? Қаңтардың 15-і мен 23-і аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Достастық кубогы» турнирі өтеді. Бұл додаға биыл тұңғыш рет Қостанайдың «Тобылы» да қатысады. «Ақтөбе», «Ертіс», «Қайрат» сынды клубтарымыз орындай алмаған миссияны Равиль Сабитов шәкірттері орындай ала ма, сол жағын саралап көрейік.
«Достастық кубогы» өз маңыздылығын түбегейлі жоғалтып алды ма, жоқ әлде елімізде өтетін VII қысқы Азия ойындарының көлеңкесінде қалып қойды ма, әйтеуір елімізде бұл турнирді асыға күтіп жүрген спортқауым мүлдем жоқтың қасы. Әйтпесе кезінде «Достастық кубогы» таяған сайын жанкүйерлердің дегбірі қашып, уақытын өткізе алмай қоймаушы ма еді. Ал, негізінде, бұл турнирдің футболшылар үшін келесі баспалдаққа көтерілудің төте жолы екенін ұмытпаған жөн. ТМД-ның ірі клубтарының бапкерлері «Достастық кубогын» «футболшылар көрмесі» деп атап кеткені де бекер емес. Осы доданың арқасында көптеген түрікмен, өзбек, грузин, әзірбайжан футболшылары бүгінде Ресей мен Украинаның ірі клубтарында өнер көрсетіп жүр. Тіпті қазақ футболының мақтанышы Самат Смақов та «Достастық кубогындағы» ойындарынан кейін Ресейдің «Ростельмашына» шақырылған болатын. Өкінішке қарай, бүгінде футболшыларымыз бұл мүмкіндікті пайдалана алар емес. Жалпы, ТМД-ның бұл турнирінде Қазақстан клубтарының жолдары болып жүр дей алмаймыз. Тіпті 2001-2002 жылдары 16 ұжымның ішінде 15-орын алған кезіміз де болыпты. Тек 2009 жылдан бастап қана көсегеміз көгере бастады. Сол жылы «Ақтөбе» финалға дейін жетіп, ақтық ойында Молдованың «Шерифінен» пенальтиден жеңілді. Өткен жылы да «Ақтөбе» финалға дейін қарсылас шақ келтірген жоқ. Тек финалда ғана қара басып, Ресей чемпионы «Рубиннің» жастар командасынан 2:5 есебімен оңбай жеңілді.
Ендігі кезек – «Тобылда». Қостанайдың командасы ТМД кубогының жеңімпазы атана алар ма екен?! Жалпы, «Тобылдың» дайындығына келер болсақ, нашар емес секілді. Команда Фархадбек Ырысметов, Ұлықбек Бакаев, Азат Нұрғалиев сынды саңлақтарынан айырылғанымен, олардың орнын Владе Лазаревски, Сергей Костюк, Тимур Досмағамбетов басты. Астананың «Локомотивіне» қоныс аударған Нұрбол Жұмасқалиевтың орнын Латвия құрамасының көшбасшыларының бірі Юрис Лайзанс пен серб плеймейкері Ненад Сливич басатын болды. Әлбетте, Лайзанс Нұрболдай бола алмас, ал Сливич Жұмасқалиевтың орнын жоқтатпайды деп отыр клуб басшылығы.
Ендеше, «Достастық кубогында» Ненадтың ойын өрнегін жіті тамашалап көрейік. Қостанайлық команда Латвияның «Сконтосымен», Арменияның «Микасымен» және Өзбекстанның «Бунедкорымен» «В» тобына түсті. Осылардың ішінде басты қарсыласымыз «Бунедкор» мен «Сконто» болатын тәрізді. Рас, «Бунедкордың» бұл додаға екінші құрамын алып келетінін жасырмаймыз. Өйткені футболшыларының көпшілігі бұл күндері ұлттық құрама сапында Азия чемпионатына қатысуда. Атап айтар болсақ, қақпашы –Игнатий Нестеров, қорғаушылар – Ануар Гафуров, Хайрулла Каримов, Сахоб Жураев, жартылай қорғаушылар – Виктор Карпенко, Тимур Кападзе, Сервер Жепаров, Жасур Хасанов, шабуылшы – Ануар Солиев бүгінде Катарда жүр. Сондай-ақ бас бапкері Мирджалол Қасымов та бір жағынан Өзбекстан құрамасын жаттықтыратындықтан, Санкт-Петербургке «Бунедкорды» аға бапкері алып баруы ғажап емес. Дегенмен Қазақстан клубтарына келгенде Өзбекстанның ешбір командасы аянып қалған емес. Демек, «Бунедкормен» ойнау «Тобылға» оңай тимейді. Оның үстіне, «Бунедкор» бұл турнирде жаңа ойыншыларын да тексеретіні хақ. Ал олардың арасында өткен маусымда «Тобылда» ойнаған Вит Туртенвалд та бар екенін айтып өткеніміз жөн. «Сконтоның» да дайындығы өте керемет. Алғашқы оқу-жаттығу жиынын да өткізіп үлгерді. Балтия кубогына қатысып, оны да жеңіп алды. Ал бұл клубты өте білікті маман Александр Старков жаттықтырады. Дегенмен «Тобылды» да қол қусырып жүр демес едік. Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Францияның «ПСЖ» клубының жастар құрамасын жеңді. Германияның екінші дивизионының командасын 2:0 есебімен ұтты. Басқа да жеңістері аз емес. Ал Арменияның «Микасынан», шынымызды айтсақ, не күтерімізді де білмейміз.
Команда бапкері Армен Шахгельдян болса, баспасөз өкілдерінің біріне бұл турнирде жеңіске ұмтылмайтындарын айтқан екен. «Тобылдың» «Бунедкор» және «Микамен» болатын ойынын «Мир» телеарнасынан тікелей эфирден көре аласыздар. «Достастық кубогына» қатысатын «Тобылдың» құрамы: Қақпашылар: Александр Петухов, Ярослав Багинский. Қорғаушылар: Алексей Данаев, Ринат Хасенов, Олег Лотов, Анатолий Стукалов (Ресей), Владе Лазаревски (Македония), Евгений Овшинов. Жартылай қорғаушылар: Сергей Костюк, Анатолий Богданов, Тимур Досмағамбетов, Ермек Қуантаев, Алексей Малышев, Дәурен Жәтеков, Игорь Юрин, Ненад Сливич (Сербия), Юрис Лайзанс (Латвия). Шабуылшылар: Кристапс Гребис (Латвия), Мантас Савенас (Литва). • Клуб директоры Николай Паниннің айтуынша, турнир кезінде футболшылар тағы да толығуы мүмкін.
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ “Алаш айнасы”