«Тобылдағы» төбелестің тауқыметі

02.12.2010, 20:12
«Тобылдағы» төбелестің тауқыметі
Әдетте ел фут­бо­лын­дағы айқайлап жазар жаңалықтар жаңа жылдан кейін ғана пайда болатын. Бірақ бұл жолы елең еткізерлеріміз ел біріншілігі біте салысымен-ақ көбейді. Ал жаңалықтардың рейтингін Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы мен Сергей Хижниченко бастады. Алдымен жағымдысынан бастайық. Ұлттық құрамамыздың шабуылшысы, жас фут­болшымыз Сергей Хижниченко Гол­лан­дияға аттанды. Соңғы маусымның ал­ғашқы бөлігін Астананың «Локо­мо­ти­він­де», екінші жартысын «Атырауда» өткізген шабуылшы премьер-лигада 29 ойын өткізіп, небәрі үш-ақ гол соққан болатын. Сон­дай-ақ Хижа ұлттық құрама сапында да үш гол соғыпты. Бірақ премьер-лига ойындарына қарағанда үш есе аз ойын өткізген. Дегенмен голландиялықтар бұл футболшымыздың болашағынан мол үміт күтетін секілді. Бұл күндері 19 жастағы фут­болшы Нидерландының әйгілі клубы «Фейенордта» бапкерлердің бай­қауын­да жүр. Иә, бұл жалған ақпарат емес. Мұны тіпті «Фейенордтың» ресми сайты да растап отыр. Ғаламторда жерле­сі­міз­дің Голландияда жүрген видеолары да бар. Енді тек Сергей бұған дейін Еуропаға барып, жолдары болмаған Таңат Нөсер­баев, Максим Жалмағамбетов, Сергей Ос­та­пенко сынды жерлестеріміздің жолын қай­таламаса дейміз. Кезекті «Тобыл» футбол клубының төңі­ре­гіндегі жаңалықтарға берсек. 10 жыл күткен чемпиондығына әзер қол жеткізген қостанайлық клуб негізгі құрамның біраз футболшыларымен қоштасты. Мәселен, жеті жылын осы клубқа арнаған Азат Нұрғалиев, Фархатбек Ырысметов сынды саңлақтар Шымкенттің «Ордабасы» ко­ман­дасымен келісімшартқа отырыпты. Бұлардың артынан іле-шала Олег Сабиров пен Андрей Харабара да Шымкентке кетті. Алдағы уақытта Мұрат Сүймағамбетов те «Ордабасыға» қосылатын көрінеді. Ал Данияр Мұқанов «Ақтөбеге» қоныс ауда­руы әбден мүмкін. Әлбетте, мұның бар­лы­ғы жайдан-жай орын алып жатқан жоқ. Бей­ресми ақпараттарға сенсек, маусым ортасында «Тобыл» командасы екіге жары­лып, тіпті төбелесуге дейін барған екен. Мұны команданың бастығы Николай Панин де әр сұхбатында растауда. Соның кесі­рінен клуб президенті Халимжан Ержа­нов та өз қызметінен кеткен болатын. Енді «Тобылдың» бұдан арғы тағдыры не болары белгісіз. Иә, командаға жаңа фут­бол­шылар келетіні хақ. Бірақ олар бір-біріне үйреніскенше біраз уақыт керек екені түсінікті. Ал қостанайлықтарға келесі жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсету керек. Еурододаның топтық кезеңіне шы­ға­мыз деп отырған «Тобылға» сенетін­дер аз, «тоңқалаң аспаса болды» деп, біз де өз күдігімізді жасыра алмай отырмыз. Иә, біз үшін қазақстандық клубтардың еурододада намысты қолдан бермей өнер көр­сет­кендері жақсы. Сондықтан «Тобылдың» тағдырына барша жанкүйерлермен бірге біз де алаңдаймыз. Дегенмен, кеше клуб басшылығы мау­сы­м­аралық жоспарын жайып салды. Клуб­тың ресми сайты келтірген мәліметке сен­сек, команда желтоқсанның 20-сы мен 28-і аралығында және қаңтардың 4-і мен 13-і аралығында Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізбек. Бұл жиындарға мына футболшылар қатысады деп күтілуде: Александр Петухов, Ярослав Багинский, Алексей Белкин («Локомотив»), Владе Лазаревски («Локомотив»), Ренат Абду­лин, Александр Кислицын («Шахтер»), Олег Лотов, Санат Шалекенов, Ринат Ха­се­нов («Локомотив»), Ермек Қуантаев, Алексей Малышев, Марк Гурман («Ло­ко­мо­тив), Игорь Юрин, Константин Заречный («Иртыш»), Виталий Евстигнеев («Ор­да­басы»), Пиралы Алиев («Атырау»), Сергей Костюк («Атырау»), Нұрбол Жұмасқалиев. Қарап тұрсақ, өткен маусымнан тек қана сегіз футболшы қалыпты. Алайда жаңа футболшылары да осал емес секілді. Не де болса, «Тобыл» келесі жылы да үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, еурододада намысты қол­дан бермейді деп сенеміз. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×