«Тобылдың» жейдесінде бірнеше маусым доп тепкен, қазір агент ретінде танымал сербиялық Ненад Шливич ҚПЛ-дің деңгейі, жалақы әлеуеті мен турнирдегі командалар санының 16-ға дейін өсуі туралы пікірін білдірді.
Ненад Шливич 2010/11-жылғы маусымда қостанайлық клуб намысын қорғады.
«Дағдарысқа байланысты жалақы төмендеді. Осындай жағдайда директорлар, функционерлер мен инвесторлар қаржыны есептей бастады, бұл – заңды нәрсе. Қазір ең бастысы – баға мен сапаның арақатынасы. Көп легионерлер инфрақұрылымға және отбасымен бірге тұратын қаланың қандай екеніне қарайды. Мен өзім Қазақстанда ұзақ жыл ойнадым, көптеген дүниелерді білемін, сондықтан оларға: бұл ел өмір сүруге жайлы деп айтамын. Чемпионаттың кеңеюі отандық футболдың игілігіне жұмыс істейді. Бұл тек пайда әкеледі. Бәсеке күшейеді, ал бәсеке әсіресе жас ойыншылардың дамуына әсер етеді», - деді сербиялық маман «ASnews.kz» сайтына берген сұхбатында.
«Тобыл» ҚПЛ-2025-те үшінші орын алды. Биыл қостанайлықтар ел намысын Конференция лигасында қорғайды.