Былтыр футболдан Қазақстан чемпионы атанған «Тобыл» биыл Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Бірақ ә дегеннен-ақ мықты қарсыласқа тап болды. Қостанайлық клубтың себетінде «Лудогорец» (Болгария), «Дюделанж» (Люксембург), «Ференцварош» (Венгрия), «Марибор» (Словения) және ЧФР (Румыния) болған еді. Жеребе жолдас болмай, Венгрия чемпиондарына тап болдық.
«Ференцварош» былтыр ішкі біріншіліктегі қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, 33-ші рет ел чемпионы деп танылды. 1899 жылы құрылған бұл клуб 24 рет Венгрия кубогін жеңіп алған. Сондай-ақ финалда туриндік «Ювентусты» жеңіп, бір мәрте «Жәрмеңке кубогін» иеленген екен. «Ференцварош» 2006 жылы Венгриядағы ең танымал клуб атанды. Мұның бірнеше себебі бар. «Жасыл қырандар» деген лақап атқа ие болған «Ференцварош» 1995 жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен алғашқы венгриялық клуб атанды. Сонымен қатар команда құрамында 1967 жылғы «Алтын доп» иегері Флориан Альберт доп тепкен. Ол футбол тарихына аталмыш жүлдені иеленген жалғыз венгриялық футболшы ретінде енді.
«Ференцварош» 2004/2005 жылғы маусымда УЕФА кубогінің топтық кезеңінде бақ сынады. Содан кейін команданың еурокубокте жолы болмай, іріктеу кезеңінен әрі аса алмады.
2018 жылы украиналық маман Сергей Ребровтың келуімен «жасыл қырандар» еурокубоктің тұрақты қатысушысына айналды. Сол жылы «Ференцварош» 30 дүркін Венгрия чемпионы атанып, логотипіне үшінші жұлдыз енгізілді. 2019 жылы Ребровтың жетекшілішімен клуб соңғы он бес жылда алғаш рет еурокубоктің топтық кезеңіне жолдама алды. Мәскеулік ЦСКА, болгариялық «Лудогорец» және испаниялық «Эспаньольмен» бір топта күш сынасып, үшінші орынға ие болды. Топтық кезеңде жолы болмағанымен, сол жылы тағы да ел чемпионы атанды.
2020 жылы «Ференцварош» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, соңғы 25 жылда алғаш рет аталмыш турнирдің топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Бірақ жеребе жолдас болмады. «Барселона», «Ювентус» және «Динамо Киевпен» бір топқа түсті. Украиналық клубқа да шамасы жетпеген Ребров шәкірттері өз тобында ең соңғы орынды иеленді. Айтпақшы, сол кезде команда құрамында «Қайраттың» экс-ойыншысы Исаэль Барбоза өнер көрсетті. Бірақ 2021 жылдың жазында мансабын Катарда жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Өткен маусымда «Ференцварош» Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейін жетіп, ол жерде «Байер», «Бетис» және «Селтикпен» өзара мықтыны анықтады. Германиялық клубтан бір рет айласын асырған «жасыл қырардар» үш ұпаймен өз тобында ең соңғы орынды иеленді.
«Ференцварошпен» үш жылда әжептеуір жетістікке жеткен Сергей Ребровқа алматылық «Қайрат» өте қатты қызығушылық танытты. Клуб президенті Қайрат Боранбаев украиналық маманмен бірнеше рет сөйлесіп көрді. Сол тұста бас бапкер таппай қиналған «Тоттенхэмнің» де назары Ребровқа түсті. Бірақ 48 жастағы маман Бауыржан Исламхан ойнаған «Аль-Айн» клубын таңдады.
Көп ұзамай «Ференцварош» бас бапкер лауазымына Ресей құрамасын жаттықтырған Станислав Черчесовты тағайындады. Өткен маусымда 58 жастағы ресейлік маман Ребровтың ізін жалғап, клубты қатарынан төртінші рет Венгрия чемпионы етті. Енді украиналық бапкер секілді командасын еурокубоктің топтық кезеңіне алып шығуды көздеп отыр. Черчесов «Тобылмен» болатын алғашқы ойынға 22 ойыншысын алып келді.
Қақпашылар: Адам Богдан, Адам Варга, Денеш Дибус.
Қорғаушылар: Сами Ммаэ, Аднан Ковачевич, Элдар Чивич, Эндре Ботка, Лоранд Паска, Хенри Уинго, Матс Кнустер.
Жартылай қорғаушылар: Андерсон Эсити, Кристоффер Захариассен, Балинт Вечеи, Ксавье Мерсье, Стьепан Лончар, Айсса Ляйдуни.
Шабуылшылар: Токмак Нгуен, Бассей Фортун, Карлос Ауски, Жозе Маркос Коста Мартинс, Адама Траоре, Франк Боли.
Бұл тізімге Украина құрамасының вингері Александр Зубков енбепті. 25 жастағы футболшы «Ференцварошты» ресейлік бапкер тізгіндеген кезде ойнаудан бас тартқан екен. Бірақ көп ұзамай алаңға оралып, біраз ойында төбе көрсетті. Өткен маусымда Зубков 34 ойын өткізіп, 3 гол мен 8 нәтижелі пасты өз еншісіне жазған. Бәрібір де украиналық ойыншы ресейліктерге ашулы секілді. Оның Қазақстанға келмеуі де осыған байланысты болуы мүмкін. Черчесовтің қол астында ойнағысы келмейтін Зубков жақын арада донецкілік «Шахтерға» ауысады деп күтілуде.
Өткен маусымда 13 голмен «Ференцвароштың» үздік сұрмергені атанған Райан Ммаэ жарақат алыпты. 24 жастағы Марокко құрамасының шабуылшысы жауапты ойынға да қатыспауы ықтимал.
Черчесов Қостанайда өтетін ойынға «Эвертон», «Мидлсбро», «Шеффилд Юнайтед» клубтарында ойнаған босниялық жартылай қорғаушы Мұхаммед Бешичті де әкелмепті. Есесіне өткен жылы Қазақстанға қарсы ойында бой көрсеткен Босния құрамасының ойыншылары Аднан Ковачевич, Элдар Цивич және Стьепан Лончар бар.
Будапешттік клуб сапындағы ең қауіпті ойыншылардың бірі ретінде Токмак Нгуенді айтуға болады. 28 жастағы норвегиялық вингер өткен маусымда 28 ойынға қатысып, 9 гол мен 6 нәтижелі пастың авторы атанды.
Қостанайға Райан Ммаэның орнын жоқтатпайын деп ивуарлық шабуылшы Франк Боли келіпті. Өткен маусымда 28 жастағы ойыншы 19 матчта 5 гол соғып, 3 мәрте әріптестерінің көзге түсуіне мүмкіндік жасаған.
«Ференцварош» маусымаралық үзіліс кезінде алға қойған мақсаттарына жету үшін бірнеше трансфер жасап үлгерді. Атап айтсақ, «Шерифтен» Мали құрамасының шабуылшысы Адама Траорені сатып алды. Өткен маусымда молдовалық клуб үшін 43 матчта 15 гол соғып, 9 голдық пастың авторы атанған 27 жастағы вингердің трансферлік құны 2 миллион еуроны құрады. Траоре Мали құрамасының белді ойыншысы болып саналады (47 ойын, 8 гол).
Одан бөлек, Станислав Черчесов өз командасына голландиялық «Хераклестен» Матс Кнустер, даниялық «Ольборгтан» Расмус Зеландер, бельгиялық «Левеннен» Ксавье Мерсьені алдыртқан екен.
Еурокубокте мол тәжірибесі бар, құрамы мықты ойыншылармен жасақталған «Ференцварошты» жарыс жолынан шығару «Тобыл» үшін қиын болады. Дегенмен де үздік ойыншыларын түгел әкелмеген Черчесовты алғашқы ойында жазалауға мүмкіндік бар. Оның үстіне, Венрия чемпионаты мамыр айында аяқталған. Ал Қазақстан біріншілігі нағыз қызған шағында тұр. Он мыңдай жанкүйердің алдында қостанайлық клуб «Хайдукті» жеңгендей, ертең де бір сенсация жасауы тиіс.
Біздің серіктес: FONBET