Төртеу түгел болса...

Еурокубокке қатысатын төрт командамыздың әлеуеті қаншалықты? Алматылық клуб алғашқы қадамын сәтті жасады десек те болады.
Төртеу түгел болса...

Бірнеше күн бұрын еурокубок ойындары басталды. Клубтық деңгейдегі басты турнир – Чемпиондар лигасы, ортаңқол ұжымдары қатысатын - Еуропа лигасы, сонымен қатар биыл тұсауын кескелі отырған - Конференция лигасы. Осы үш додаға Қазақстан атынан 4 команда қатысады. Бұл ең алдымен ел чемпионы алматылық «Қайрат». 16 жылдан кейін Чемпиондар лигасына қайта оралған «Қайрат» 7-шілде күні Израиль жерінде «Маккаби» Хайфа клубымен кездесті. Бұл команда қазақ футболына есім-сойы белгілі ұжым. Осыған дейін «Маккаби» Хайфа қазақ командаларымен Еурокубоктерде қарсылас атанған. Әсіресе, олардың «Ақтөбе» командасын 4:3 есебімен жеңгені әлі есімізде. Сондықтан да алматылық командаға алғашқы айналымның ауыр болатыны түсінікті еді. Осы қарсыласты жеңіп өтсе, ары қарай жарыс жолы жеңілдей түсер еді. Кирилл Кекер бастаған жігіттер сырт алаңда «Маккаби» клубымен тең ойнады (1:1). Қарсыластар сапында Ацили есеп ашқан еді, 76-минутта Нұралы Әліп баспен гол соғып, командасын жеңілістен құтқарды. Айтпақшы, УЕФА биылдан бастап еурододаларда сырт алаңда салған голдың маңызын жойып тастады. Енді екі ойынның қорытындысы бойынша есеп тең болса, экстра-тайм жалғанып немесе пенальтилер сериясы ойнатылады. Қос команда аиасындағы жауапты ойын 14 шілде күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Жанкүйердің қолдауына ие болатын алматылық клуб өз алаңында жеңіске жетуі тиіс. Оның үстіне, командаға Премьер-лиганың үздік шабуылшысы Жоао Пауло мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Ян Вороговский қосылды.

Конференция лигасында Қазақстан намысын Қостанайдың «Тобылы» қорғайды. Осы күндері ел чемпионатында бірінші келе жатқан бұл команда ойын мәнері тұрғысында ешкімге беріле қоймайтыны анық. Бұл сайыста олардың қарсыласы Хорватияның «Хайдук» командасы. Аталмыш команда он жыл бұрын Қарағандының «Шахтерын» жеңген болатын. «Хайдуктың» қазіргі хал-ахуалы бізге беймәлім. Футболшылар деңгейін кейінге қалдырсақ, бюджет тұрғысынан біздің «Тобыл» оларды он орайды. Осы орайда қостанайлық клуб «Хайдуктен» басым түсіп, келесі кезеңге өтуі тиіс.

Бұл жарыста сонымен бірге қарағандылық «Шахтер» және елордалық «Астана» да бар. «Шахтер» алғашқы айналымда Румынияның «Стяуа» командасымен кездеседі. Ішкі біріншілікте турнирлік кестенің түбінде жүрген «Шахтерге» қазір байдалы тұрмақ, бас қайғы. Халықаралық жарыстан бұрын Премьер-лигадан шығып қалмауды ойлап жүр. Егер «Шахтер» келесі кезеңге өтсе, қарағандылық жанкүйерлердің қағанағы қарық болар еді. Өздеріңіз түсінгендей бұл жұптың анық фавориті румыниялық команда.

Еурокубокте ел намасын асқақтататын «Астана» «Ариспен» кездеседі. Грекияның бұл командасы Томасов бастаған «Астананың» тақиясына тар кеп тұрған жоқ. Қайта «Арис» «Астананы» айналып өтсек деп айбат көрсетеді. Дегенмен тәжірибесі толысқан Тихоновтың командасы кежегесі кейін тартпаса, келесі кезеңге өтуі тиіс. Жалпы болжамымыз төрт командамыздың келесі айналымға үшеуі өтеді деп топшылаймыз. Бұл ойындар шілденің 22 мен 29 күндері өтеді. Сөз соңында айта кетерлігі қазақ командаларының әрбір нәтижесі Қазақстан рейтингіне әсер етеді. Ел намысын қорғайтын клубтарымызға сәттілік серік болғай!

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×