Турайды қайдан тапты?

Талдықорғандық команда суперсұрмеген футболшымен келісімге келді.

Турайды қайдан тапты?

Алматы облысы ұжымының ағымдағы трансферлік ауысымда қатарға қосқан ойыншысы - Мохамед Буя Турай.

Соңғы рет Непал Суперлигасында ойқастаған Мохамед Турай кім өзі?

30 жастағы Буя Турай футболды 2013 жылдан бастаған екен. Оған дейін оның қандай клубта өнер көрсетіп, оның қай команда түлегі екенінен ешқандай мағлұмат жоқ. Бір қызығы, жоғарыда аталған уақытта ол “Ювентус” ұжымында доп теуіпті. Таңқалуға асықпаңыз! Өйткені, біз Юве деп атақ-даңқын асырып отырған ұжым Швециядан болып шықты. Былайша айтқанда, академия сияқты команда. Өздеріңізде ойланып көріңізші, “Ювентус” командасында өнер көрсеткен ойыншы ҚПЛ-ге келе ме? Жанағы аты ғана танымал ұжымда ойнады деген Буя Турай 2014/15 жылғы маусымда “Вастерас” сапына қосылды. Онда ол 9 ойын өткізіп, 6 гол соқты. Келер маусымда оған AFC United клубы келісім шарт ұсынып, 3 жыл аралығында шабуылшының команда сапында 60 ойынға қатысуына мүмкіндік жасайды. Швецияда өткізген 5 жыл уақыттан кейін Мохамед бельгиялық “Сент-Труйден” қатарын толықтырды. Бірақ Турай бұл командада 7-ақ матч өткізіп, 1 голды әзер жүргенде соғады. Осыдан кейін, Бельгия ұжымы Сьерра-Леоне азаматын “Юргорденге” бәлесінен аулақ деп жалға береді. Швециялық команда мерзім біткен соң, Турайды “Сент-Труйденге” қайта жібереді. Ал өз кезегінде Бельгия командасы Мохамед Буяны “Хебей” Чайна командасына сәтті сатып жібереді. Шабуылшы жаңа командасында 17 ойында 6 гол соғып, Қытай чемпионаты үшін сұрмерген статусын иеленеді. Соның нәтижесінде “Хэнан” ұжымы Турайды “Хебейден” 1,50 млн еуроға сатып алды. Команданың үздігі атанады деп отырған шабуылшы үмітті ақтай алмай-ақ қойды. 12 матчта тек 1 гол соққан Буя Қытай чемпионатындағы жорығын аяқтады. Еуропаға қайта оралған соң, Мохамед даниялық және швециялық клубтарда өнер көрсетті. Бірақ шабуылшы көп дегенде 3 голдан артық салмады. Алайда соған қарамастан, Турайға қызығушылық білдірген командалар табылып жатты. Шабуылшы тіпті АҚШ чемпионатына дейін барып қайтты. Бірақ деңгейі жағынан Еуропа біріншіліктерінен төмен саналтын лигада да Мохамед оңдырып ойнамады. Ақыры соңында 1 жылдай клубсыз сенделіп жүрді. Сөйтіп, 2025 жылдың наурыз айында бағына орай Турайға Непал командасынан ұсыныс келді. Содан суперсұрмеген RayZRs клубында 6 матч өткізіп, нәтижесінде 1 голды өз атына жазды. Міне осындай тұрақсыз, барған жері мен баспаған тауы қалмаған шабуылшыны "Жетісу" алып отыр. Әрине, талдықорғандық ұжымның шабуыл шебінде біраз мәселе бар. Тізімінде 6 форвард тіркелген "Жетісуда" шабуылшылар жабылып жүріп, 1 гол соқты деген масқара ғой! Бірақ жағдай онсызда мәз болмай тұрғанда, Самат Смақовтың сенгені Турай болса, жетіскен екенбіз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

Жетісу ФК
Aladop Youtube
×