Премьер-лиганың 23-туры аясында “Қайрат” “Ақтөбені” қонақ қылды.
Орталықта болған кездесудің бас жағы “Қайрат” үшін сәтсіз басталды деп айтуға болады. Неге десеңіздер? Матчтың 13 минутында “Ақтөбе” аяқдопшысы Уге Абгомен қақтығысқан қақпашы Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алды. Жағы сыңған қақпа қорғаны амалдың жоқтығынан өз орнын жас Шерхан Қалмырзаға босатты. Бірінші таймда екі тараптан гол болмағанын айта кетейік.
Кездесудің екінші бөлігінде Ақтөбе үш ойыншысын бірден алмастырып тастады. Думбуя, Анджелкович және Сейдахмет алаңнан кетті. Олардың орнына Даниэль Соса, Талғат Құсяпов, Аян Байдәулетов шықты. Алайда “Ақтөбеде” қорғаныс шебінен Анджелковичтің кетуімен, алаң иелері Дастан Сәтпаевтың көмегімен алға шықты. Және сол жалғыз нәтижелі әркеттің арқасында Қайрат өз жерінде 3 ұпайға қол жеткізді.
Еске салсақ, бұл екі команда арасындағы чемпионаттың алғашқы ойыны 1:2 есебімен “Қайраттың” пайдасына шешілген болатын. Аталған кездесуде де Дастан Сәтпаев құр алақан қайтпады. Ол өз командасының қиын матчта жеңіске жетуіне үлкен сеп болды.