ТҮРІК ФУТБОЛЫНА ЖАУ ТИДІ

12.07.2011, 20:04
ТҮРІК ФУТБОЛЫНА ЖАУ ТИДІ
Осы айдың басынан бері Түркияның футболы жау тигендей шала бүлініп жатыр. Алдымен 4 шілде күні түрік полициясы өзара келісіп ойналған ойындарды ұйымдастырушылық деректерін тексеру барысында елдің белді клубтарының 40-қа жуық басшылары мен әкімгерлері, сондай-ақ бірқатар футболшылар құлып астына алынды. Қамалғандардың қатарында «Фенербахче» клубының президенті Азиз Йылдырым, «Трабзонспор» клубының вице-президенті Невзат Шакар бар, деп хабарлайды NTV және CNN-Turk телекомпаниялары. Полицейлер операциясы Түркияның 12 провинциясында (іштерінде Ыстамбұл мен Анкара да бар) таңертең ертемен бір мезгілде қолға алынды. Сондықтан тәртіп сақшылары күдіктілердің бәрін өз үйлерінде басты. Мәселен, «Фенербахченің» президенті қолына осылайша кісен салынысымен оның үйіне тінту жасалған. Тінту өткен маусымда чемпион атанған ыстамбулдық клубтың штаб-пәтері мен оған қарасты стадионда да жүргізілуде. Түрік телеарналарының мәліметтері бойынша, «Фенербахче» президенті 2010-2011 жылғы маусымда ыстамбулдық команда мен «Эскишехирспор» арасында алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде фенербахчеліктердің 3:1 есебімен жеңіске жетуін тексеру шеңберінде тұтқынға алынған. Арада бар-жоғы үш күн өткеннен кейін Анадолы жерінде футбол функционерлерін тұтқындаудың екінші толқыны басталып кетті. Мұның барысында келісімпаздық матчтарына қатысы болған клубтардың тағы 15 қызметкері темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Жергілікті телевидениенің мәліметтеріне сүйенген Ресейдің ИТАР-ТАСС агенттігі абақтыға түскендер арасында «Фенербахче» клубы басшысының орынбасары Секип Мастуроглу, «Эскишехирспордың» техникалық директоры Бюлент Уйгун, «Сивассордың» басшысы Меджнун Отьякмаз секілді басқа да жетекшілер мен бұрынғы спортшылардың бар екенін баяндайды. Тергеушілер жергілікті екі біріншіліктің – суперлига мен бірінші лиганың 19 матчына сұрыптау жасап, олардың келісімпаздық сипаты бар екенін дәлелдеп шыққан. Істі Ыстамбул қауіпсіздік басқармасының ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімі жүргізуде. Енді іс қозғалған бірқатар басшыларға қарулы топ құрды, жалған мәліметтер жазды, қоқан-лоққы көрсетті, бопсалау жасады, пара алып-берді деген айыптаулар тағылуы ықтимал. Бұл – түрік полициясының түркі футболындағы сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы көтерген екінші ірі операциясы. Мұның алғашқысы былтыр ғана, 2010 жылдың наурыз-сәуірінде көтеріліп еді. Сол жолы Ыстамбулда 55 адам қамауға алынған болатын. Олардың арасында османлы түріктерінің танымал жаттықтырушылары мен футболшылары бар-тын. Сәкен МАЙЛЫБАЙ. «Қазақ спорты»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×