Түрік футболында не өзгеріс?

22.08.2011, 18:07
Түрік футболында не өзгеріс?
Еуропа  футболы секілді ішкен асымызды жерге қоймасақ та, жылт еткен жаңалығы болса елең ете қалатын түрік футболындағы соңғы ахуалды біраз баян етуге бел байладық. Футболсүйер қауымның есінде болар, биылғы Супер Лигада чемпиондық тәжді «Фенербахче» алған-тұғын. «Трабзонспормен» құйрық тістесіп келген «Фенербахченің» чемпиондығы алайда өзіне сор болып тиді. Ол туралы сәл кейінірек... Ал Түркия Кубогын финалда Стамбұл «Бүйікшехір Беледиесімен» ойнап, 1 гол айырмасымен  5-6 есебімен жеңген «Бешікташ» иемденгенді. Бірақ кейіннен кубокты Түркия Футбол Федерациясына қайтарып берді. Бұл туралы да сәл кейінірек... Ал «Галатасарай» болса, маусымды сегізінші орында тәмамдады. Кубоктан да ширек финалда-ақ үмітін үзген болатын. Маусым басында Райкаард, онан соң Георге Хаджи, кейіннен Бүлет Үндерге тиген бас бапкерлік эстафетасы клубқа мұнан бұрын да талай қан мен тері сіңген түрік футболының қадірлі есімі Фатих Териммен тәмамдалды. Маусымның аяғына таяу клуб президенттігіне сайлауда басқа үміткерлерден басым дауыспен жеңіп шыққан Үнал Айсал соңғы екі жылда маман құтаймай, қожырап кеткен бапкерлік тақырыбына осылай нүкте қойды. Маусым біткен бойда міндетін қолына алған «император» айналасына 2000 жылдардағы команданың аңыз  құрамдағы аяқдопшыларын қызметке шақырды. Соның бірі Хасан Шаш. Хасан Шаш қазір аталмыш клубта бас бапкердің көмекшісі. Келе салысымен командадағы ұн мен кебекті елеуге бел шешіп кіріскен тәжірибелі бапкер Фатих Терим алдымен Мехмет Батдал, Барыш Өзбек, Джем Сұлтан, албаниялық аяқдопшы Лорик Кана, австралиялық Хэрри Кьюэл, Лукас Нейл, колумбиялық қақпашы Робинзон Запатаны команданың құрамынан босатты. Өткен жылдан бері футболдан бөлек жеке өміріндегі жаңалықтарымен баспасөз бетін бермеген капитан Арда Тұранның көңілі далаға, дәлірегі Еуропаға ауа берді. Оған себеп те жоқ емес. Қыстан бері «Мадридтік Атлетико» Арданы қалап «Галатарасайдың» есігін бірнеше рет қаққанын басшылық жасырып  ұстағысы келсе де бұл хабар су бетіне қайта шықты. Мұнымен қоса ұлттық құраманың бас бапкері Гус Хиддинктің Арданы алып «Челсиге» кететіні туралы хабар да 2011 басталғалы өзінің өміршеңдігін жоғалтпай-ақ қойған еді. Қысқасы, осындай мүмкіндіктен соң Арда қарап тұрсын ба, маусым біткен бойда қол-сөмкесін жиыстыра бастап еді, Фатих Терим оны аталмыш команданың 2012-дегі сапалы, күшті құрамынан көргісі келетінін айтты. Өткен жылдан бері жарақат үстіне жарақат алып, жоғары жетістік көрсете алмаған Ардаға жанкүйерлер ренжулі болатын. Оның үстіне әр ойынға шыққанында оған деген наразылықтарын да жасырып қала алмайтын-ды. Осының барлығын ескерген Арда Тұран тәжірибелі бапкерден Еуропаға кетуі үшін разылық беруін сұрады. Фатих Терим олай өтінді болмады, былай өтінді болмады, сонан соң жас футболшының жолын байламауға шешім шығарды. Сонымен, Арда өзі қалаған «Мадридтік Атлетикоға» кетіп тынды. Жылына орта есеппен 3,5 еуро берген «Галатасарайда» қалғысы келмеген ол «Атлетикода» жылына 2,5 миллион еуроны қанағат тұтпақ. Оның ауысуы командасына 12 миллион еуро табыс әкелді. «Атлетикодан» Томаш Уйфалуши, «Лациодан» уругвайлық қақпашы Фернандо Муслера, «Болтоннан» Йохан Эльмандер, «Ювентустан» Фелипе Мело, «Арсеналдан» Эммануэль Эбуэ, «Трабзонспордан»  Селчук Инанды құрамдарына қосқан «Галатасарай» енді Арданың орнын толтыру үшін әрекетке кірісіп кетті. Өткен жылы біздің қақпаға соғылған голы жылдың үздік голы деп танылған, биылдан бастап Месут Өзілмен бірге Реалда доп тебетін Хамит Алтынтоптың сыңары Халил Алтынтоп бундеслиганы тастап, футболдағы шеберлігін түріктің супер лигасында шыңдайтын болды. Қаратеңіздің, қала берді Түркияның мықтыларынан саналатын «Трабзонспор» аталмыш футболшымен құрамын толықтырды. Ал «Фенербахчеге» келсек, президентінің басы дертте. Маусымның екінші жартысында он алты матчта жеңімпаз атанып, бір матчта тең түскен канарейкалардың рекорды абырой әкелмеді. Келісілген матчтар және қарулы топ құрғаны үшін істі болған клуб басшысы Азиз Йылдырым екі айдан бері тергеуде. Түрік футболын тазалау операциясы «Бешікташты» да айналып өтпеді. Кубок финалындағы матчтың шикі тұстары бар деп табылып, команда бапкері Тайфур Хавутчы қамауға алынды. Мұнан соң клуб басшылығы бапкер ақталғанға дейін кубокты федерацияға қайтаруға шешім қабылдады. Тазалық операциясы аталмыш екі клубтан басқа клубтарды да да шарпып өтті. Алайда әзірге қанаты күйген тек канарейка (Фенербахче-ред) мен қырандар (Бешікташ-ред) ғана. Ел ішін кәдуілгідей дүрліктірген аталмыш шарадан соң Супер Кубок ойналмайтын болды. 5-тамызда басталуы тиіс болған  Супер лиганың жаңа маусымы да 9-қыркүйекке шегерілді. Ал «Фенерге» қатысты түрлі жорамалдар айтылды. Бірінші Лигаға түседі екен, ол жерге түссе, Алекс, Диа немесе тағы бірнешеуі басқа командаларға сатылады екен немесе клуб Стамбұл «Бүйікшехір Беледиесімен» қосылып, аты өзгереді екен.... т.с.с Күлтөбенің басында күнде жиынның кебін киген Федерация алдыңғы күні әйтеуір шешім шығарды. Президенті керекті жаза алады, бірақ «Фенербахче» бірінші лигаға түсірілмейтін болды. Қысқасы, маусым біткелі бергі Анадолы футболының ахуалы жоғарыдағыдай. Алдағы уақытта да мүмкіндігінше хабардар етіп тұратын боламыз.

Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ

Арнайы аладоп.кз үшін,

Стамбұлдан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×